АҚШ-тың Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың импорттық тауарларға енгізген бірқатар тарифтері заңға қайшы деп шешті. Соттың ұйғарымынша, мемлекет басшысы төтенше жағдайларға арналған заңға сүйене отырып, өз өкілеттігін асыра пайдаланған. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабврлайды "Адырна".
Шешім 6 судьяның қолдауымен, 3 судьяның қарсылығымен қабылданды. Көпшілік пікірге қосылған судьялар қатарында Кетанджи Браун Джексон, Елена Каган, Соня Сотомайор, сондай-ақ Эми Кони Барретт, Нил Горсач және Джон Робертс бар. Ал Бретт Кавано, Сэмюэл Алито және Кларенс Томас шешімге қарсы болды.
Сот шешімі Трамптың 1977 жылғы Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңға (IEEPA) сүйене отырып енгізген жалпыұлттық тарифтеріне қатысты. Аталған заң президентке төтенше жағдай кезінде сауданы «реттеуге» мүмкіндік береді, алайда Жоғарғы сот бұл норма тариф енгізу құқығын бермейді деген қорытындыға келді.
Трамп бұл заңды 2025 жылдың ақпан айында Қытай, Мексика және Канададан келетін тауарларға салық салу үшін қолданған. Кейін сәуір айында ол әлемнің басым бөлігін қамтыған 10%-дан 50%-ға дейінгі тарифтер енгізді. Президент бұл шешімді АҚШ-тың сауда тапшылығымен және есірткінің заңсыз айналымымен байланыстырған.
Сонымен бірге, 1962 жылғы Сауданы кеңейту туралы заңның 232-бөлімі аясында ұлттық қауіпсіздік негізінде енгізілген болат, алюминий, ағаш материалдары мен автомобильдерге қатысты салалық тарифтер бұл шешімге кірмейді.
Сарапшылардың пікірінше, сот шешімі президенттің атқарушы билікті кеңінен қолдану мүмкіндігін шектейді. Сонымен қатар, америкалық компаниялар төменгі сот инстанцияларына жүгініп, бұрын төленген баж салығын қайтаруды талап ете алады. Бұл сома шамамен 150 млрд долларды құрауы мүмкін.
Іс төменгі соттардың Трамп өкілеттігін асыра пайдаланды деген шешімдерінен кейін Жоғарғы сотқа жеткен. Конгрестің екі палатасының шамамен 200 мүшесі сотқа жолдаған үндеуінде тариф енгізу құқығы Конституция бойынша Конгреске тиесілі екенін мәлімдеген.
Ақ үй әзірге сот шешіміне ресми түсініктеме берген жоқ. Алайда бұған дейін Трамп мұндай шешім ел экономикасына кері әсер етеді деп ескерткен болатын.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл шешім Трамптың атқарушы билік шегін кеңейтуге бағытталған бастамаларына қойылған маңызды шектеу болуы мүмкін.