Осыдан 100 жыл бұрын Баку қаласында Бүкілодақтық түркология съезі өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оған түркі халықтарының өкілдері, КСРО Ғылым академиясының, Шығыстану ғылыми қауымдастығының, Украина академиясының, Закавказье шығыстану қауымдастығының мамандары, шетелдік делегаттар, соның ішінде Түркия және Германиядан келген ғалымдар қатысты.
1926 жылы өткен съезде Әзербайжанның латын графикасына көшу тәжірибесінің негізінде Одақтың басқа республикалары мен облыстарында тұратын халықтардың әліпбиін латын жазуына көшіру ұсынылды. Ол үшін жаңа түркі әліпбиінің Бүколдақтық орталық комитеті құрылатын болды. Осылайша, араб жазуын қолданып келген түркі халықтарының жазуын латын графикасына көшіру қозғалысы басталды.
Бұл құрылтайға КСРО құрамына енген барлық республикадан, Ыстанбұл мен Берлиннен келіп қатысқан 131 делегаттың арасында С.Ф. Ольденбург, В.В. Бартольд, А.Н. Самойлович пен Н.Н. Поппе, А.Байтұрсынұлы, С.Е. Малов, Л.В. Щерба сияқты әлемге кең танылған аса ірі түркітанушылар болды.
Қазақстаннан 5 делегат қатысты. Олар – Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров, Біләл Сүлеев, Нәзір Төреқұлов, Әзиз Бай-Сейдули. Құрылтайға Н.Төреқұлов Мәскеуден, өзгелері Қызылордадан барды. Алғашқы үшеуі съезге Қазақстаннан арнайы шақырылған тізімінде болды.
Қазақстандық делегациядан А.Байтұрсынұлы мен Н.Төреқұлов құрылтайдың ұйымдастыру комиссиясының құрамында болды. Одан бөлек А.Байтұрсынұлы түркология құрылтайына орайластырылған Ә.Науаидың 500 жылдық мерейтой ұйымдастыру, орфография мәселелері жөніндегі, терминология мәселелері бойынша қарар дайындау, ана тілін оқыту әдістемесі туралы және Н.Төреқұлов екеуі съезд қарарын қабылдау, редакциялап толықтыру жөніндегі комиссиялар құрамына кірді. Нәзір Төреқұлов сондай-ақ түрік халықтарының қазіргі жай-күйі мен тарихын зерттеу, ұйымдастыру жөніндегі комиссияларға да мүше болады. Е.Омаров этнография мәселелері жөніндегі және съезд қарарын дайындау жөніндегі комиссияларға кірді. Бұл мәліметтер де Баку құрылтайында қазақ ғалымдарының белсенді қызмет атқарғанын көрсетеді.