«Ресей әскерінің қателігі». Әзербайжан Ақтаудағы ұшақ апаты туралы ұстаным өзгермейтінін айтты

374
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/5TWUPnL4z1TYQfZ3433fqRpLsoKLUs0n7baDiC5O.jpg

Әзербайжан 2024 жылдың желтоқсанында Ақтауда AZAL ұшағының апатқа ұшырауына қатысты ұстанымын өзгертпейді. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол қайғылы оқиға ресейлік әскери қызметкерлердің қателігінен болғанын атап өтті.

«Ұшақ Ресей Қорғаныс министрлігінің қателігі салдарынан құлатылды. Біз ресейлік тарап барлық қажетті шараны қабылдап, болған оқиғаға заңдық баға беріп, өтемақылар төлеуін күтеміз. Владимир Путин 2025 жылғы қазан айында Әзербайжан президентімен кездесуде айтқан уәделерін орындауы тиіс»,-деді ол Ходжалы геноцидінің 34 жылдығына арналған «Ана дауысы» ескерткішін зиярат ету барысында.

Еске салайық, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Әзербайжан әуе компаниясының Embraer 190 жолаушы ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақта болған 67 адамның 38-і қаза тапты.

2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен өткен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің іске қосылғанын және екі зымыран ұшаққа тиіп, оны зақымдағанын мойындаған. Путин ресейлік тарап барлық тиісті өтемақыларды төлейтінін және барлық қызметкерлердің әрекеттеріне заңдық баға берілетінін уәде еткен.

 

Пікірлер