Жабық есіктің артындағы шындық. Үнсіздікпен өтелетін зорлықтың шегі бар ма?

101
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IMJ0WcxxzUAhDKB9xwJwli7OqP9B70MOBLXZyDmO.jpg

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама барынша күшейтілсе де елімізде дағдарыс орталықтарының саны азаймай тұр. Керісінше,  артып барады. Күйеуінен жəбір көрген келіншектерден 102 нөміріне əр 10 минут сайын қоңырау түседі екен. Өткен жылы осындай 100 мыңнан астам хабарлама тіркеліпті. Ал жапа шеккен əйелдерді қорғауы тиіс болған заң талаптары қаншалықты орындалып жатыр? Неге əйелдер балаларын құшақтап, əлі дағдарыс орталықтарын паналап жүр?  Бұл мәселе қоғамда не себепті жыл өткен сайын күрделеніп барады?  

MNU Newsroom тілшісі тақырыпты тереңірек зерттеу үшін Астанадағы дағдарыс орталықтарының біріне барып, мамандармен және зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдермен тілдесіп келді.

 

Сурет: ЖИ көмегімен жасалды

Сорақысы сол, өткен жылы жұдырықтың астына қалған жəбірленушілерден 100 мыңнан астам хабарлама тіркелсе де, олардың 3 мыңнан астамы ғана қылмыстық іс ретінде қарауға алынған. Ал қалғаны түрлі себептермен қысқартылған. Көп жағдайда құқық бұзушы 15 тəулікке қамалып, кешірім сұраумен ғана құтылып жатыр. Ал бұл қылмыстың одан бетер күрделенуіне, жабық есіктің ар жағындағы жағдайдың қайта-қайта ушығуына əкеп соқтырып жатыр. 

«БАЛАЛАРЫМ ҮШІН ҚОРҚАМЫН»

35 жастағы Айғаным (есімі өзгертілген) сегіз жыл бойы күйеуінен зорлық көрген. Тұрмысқа шыққанда жолдасының  жаман əдеті жайлы ештеңе білмепті. Отбасылық өмір басталған кезде ғана оның ішімдікке үйір екенін түсінген. Əрі қарай жағдай біртіндеп қиындай береді. Күйеуі алдымен психологиялық қысым, кейін физикалық зорлық көрсете бастаған. Тіпті балаларды алып кетіп, бопсалаған күндері де болыпты. 

«Бастапқыда бəрі жеңіл көрінді. Уақытша ғой деп ойладым. Ал кейін əр күн мен үшін қорқынышқа толы болды. Ең қиыны – балаларым үшін қорқу. Олардың қауіпсіздігі мен бақыты үшін күресуді үйрену керек болды. Мен бір жаққа қашудан қорқамын. Өйткені ол мені бəрібір тауып алатындай сезіледі. Қауіп əрқашан менің артымда жүргендей. Тіпті тыныш сəтте де толық сенім жоқ»,- дейді Айғаным.

8 жыл бойы күйеуінен қорқып өмір сүрген Айғаным қазір өз көлеңкесінен өзі қорқады. Балалары да тұтығып сөйлейді. Жеке басы үшін ғана емес, 3 баласы үшін алаңдаған Айғаным күйеуі ішімдікке тойып келіп, таяқтың астына алғанда бірде туыстарын, бірде құрбыларын жағалап кетеді екен.  Осы жолы оған дағдарыс орталығы қорған болды. 


Фото авторы: Жанель Омарова

ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ АХУАЛ

Дағдарыс орталығындағы атмосфераны жеңіл деп айта алмаймыз. Күрсінген əйелдерге, көңілі пəс балалаларға қарап, жағдайдың қаншалықты қиын екенін бағамдай беруге болады. Қазір мұнда 30-ға жуық келіншек тұрып жатыр. Əрқайсының жанында кемінде үш-төрт баладан бар. Орталық оларға қауіпсіз баспана ғана емес, психологиялық, заңгерлік, əлеуметтік көмектер алуға да көмектеседі. Кейбірі мұнда бірнеше апта аялдаса, енді бірі жаңа өмір бастауға мүмкіндік алғанша айлап тұрақтайды.


Фото авторы: Жанель Омарова

Мекеме мамандары əйелдерге тек уақытша қорған емес, өз-өзіне сенімділікті қайта қалыптастыруға көмектеседі. Психологиялық тренингтер, топтық терапиялар, балаларға арналған дамыту сабақтары – осының бəрі зорлық-зомбылық шеңберінен шығуға бағытталған.

ЗАҢ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Орталық басшысы, он жылдық тəжірибесі бар Анна Игоревна заңнаманың күшеюі маңызды қадам болғанымен, ол мəселені толық шешпейтінін айтады. Көп жағдайда жəбірленушілер түрлі қысымға тап болып, салдарынан арызын қайтарып алады екен. Орталық басшысы əйелдерге жасалатын қысымның түрі көп екенін жəне оның сипаттарын бізге жіктеп тұрып айтып берді. 

 

“Жəбірленушілер түрлі қысымға тап болады. Көзге көрінетіні – тек физикалық зорлық. Мұндай әйелдер көбіне психологиялық қысыммен жылдар бойы өмір сүріп келе жатыр. Қорқыныш, ұят сезімі секілді психологиялық күйзелісте жүреді. Ол аздай экономикалық тəуелділік бар. Көбісі өзін өзі қамтамасыз ете алмайды. Сол үшін мәжбүрлі түрде өмір сүреді. Біздің қоғамда оларды қорғауы тиіс заң болғанымен, дәл сол заң дұрыс жұмыс жасап жатқан жоқ. Ең алдымен полицейлерді, тергеушілерді арызды дұрыс қабылдауға, гендерлік сезімталдықпен жұмыс істеуге үйрету қажет», - дейді.

Орталық басшысы Анна Игоревнаның бұлай деуіне негіз жоқ емес. Себебі ол зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің түрлі ситуациясын көрген.

«Көп жағдайда əйел арыз жазғанда оған жауапкершілікті өз мойнына аудару əрекеттері жасалады. Мысалы, полиция немесе тергеуші «бұл – қылмыстық іс, күйеуің сотталуы мүмкін, ол сенің балаларыңның əкесі» деп ескертеді. Мұндай сəтте əйел өзін кінəлі сезінеді, шындықты толық айтып жеткізе алмайды, өз-өзін қорғауға батылы жетпейді», -дейді.

«Осылайша, онсызда өзі физикалық жәбір көріп тұрған әйелге қорғаныстың орнына керісінше арыздың салдары қайта-қайта ескертіледі, сол үшін арыз қабылдау кезінде əйелді жеке, қауіпсіз жерге апарып, күйеуінен бөлек сұрастыру өте маңызды», - дейді орталық басшысы.

Полицейлер мен тергеушілерді гендерлік тəсіл бойынша оқыту, психологиялық жағдайды ескеру – заңның тиімді жұмыс істеуіне тікелей əсер етеді. Тек заң қабылдау жеткіліксіз. Əйел қауіпсіз ортаға шығып, экономикалық жəне психологиялық тəуелсіздікке қол жеткізбейінше, ол қайтадан сол ортаға оралуы мүмкін», - дейді.

Мамандар бұл ретте медицина қызметкерлерінің де рөлі зор екенін айтады. Егер дəрігер зорлық белгілерін байқаса, дереу полицияға хабарлауы қажет.

«Алайда, ақ халаттылар көбіне “арыз жазасыз ба?” деп әйелдердің пікірін сұрайды. Ал абьюзер күйеуі дəл сол сəтте дəлізде отырады. Мұндай жағдайда əйел шындықты ашық айта ала ма? Мұнда нақты əрекет алгоритмі қажет, ол толық жетілдірілмеген», - дейді «Көмек» дағдарыс орталығының басшысы.

ТҮН ОРТАСЫНДА ҮЙІНЕН ҚАШҚАН АНА

«Көмек» дағдарыс орталығының қызметкерлері көрген оқиғалар – тек статистика емес, шынайы тағдырлар. Соның бірі – Гүлназ. Бес баласы бар келіншек бірнеше жыл бойы күйеуінің зорлығына шыдаған. Бір күні ер адам ішіп келіп, алдымен өз анасын, кейін туған қарындасын ұра бастайды. Сол сəтте енесі келініне «қаш» деп айғайлайды.

Əйел түн ортасында дереу балаларын үйден алып шығып, көшеде полицияға хабарласады. Құқық қорғаушылар арызын қабылдап, дағдарыс орталығына әкеп орналастырған. Алайда күйеуі аңдуын тоқтатпайды. Сол сәтте әйел мен балалардың қауіпсіздігі үшін мамандар оны басқа қаладағы орталыққа көшіруге мәжбүр болған. Дағдарыс орталығындағы әлеуметтік қызметкер  Айнаш Мишелеваның айтуынша, егер жəбірленуші қорықса, орталықтың өзі 102 шақырады екен. 

“Полиция арыз қабылдайды, содан кейін ғана орналастырамыз. Орталықта жедел əрекет ету батырмасы бар. Қауіп төнсе, полиция бірден келеді. Алайда бір əйел жылына тек бір рет тұрақты түрде орналаса алады. Көп жағдайда жəбірленушілер агрессормен қайта татуласып, кейін тағы көмек сұрап келеді”, - дейді қызметкер.


«90 ПАЙЫЗДЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗОРЛЫҚ»

«Көмек» дағдарыс орталығының психологы Назерке Амантайқызының айтуынша,  мұндағылардың 80 пайызын полицейлер алып келген. Ал қалған 20 пайызы өз еркімен орталық қызметіне жүгінгендер екен.   

«Зорлықтың бес түрі бар: физикалық, психологиялық, экономикалық, жыныстық жəне кибербуллинг. Көпшілік тек соққыны зорлық деп ойлайды. Бірақ психологиялық қысым кейде одан да ауыр», - дейді психолог.

Маманның айтуынша, елдегі әйелдердің көбіне экономикалық зорлық көрсетіледі екен.

«Біздің орталықтағы əйелдердің 90 пайызы экономикалық қысым көрген. Күйеулері олардың атына 5–10, тіпті 15 миллион теңгеге дейін несие рəсімдеген жағдайлар бар. Əйелдер қарызға батып, толық тəуелді күйде қалады», – дейді Назерке Амантайқызы.

Психолог əйелдерді тоқтататын басты фактор – қорқыныш деп атап көрсетеді. 

«Олар балаларынан айырылып қалудан қорқады. “Ертең қалай күн көремін?” деген сұрақ мазалайды. Ал балалардың ең үлкен қорқынышы – “Анам өліп қалмай ма?” деген ой», - дейді.

ҮНСІЗДІК ҰШПАҚҚА ШЫҒАРМАЙДЫ

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек бір отбасының емес, қоғамның айнасы. Заң күшейтілді, дағдарыс орталықтары жұмыс істеп жатыр, бірақ жүйе толық іске қосылып, қоғамның көзқарасы өзгермейінше, мəселе түбегейлі шешілмейді. Жабық есіктің ар жағында болып жатқан оқиғалар көрінбеуі мүмкін, бірақ олар бар және аз емес. Сол туралы айту – өзгерістің алғашқы қадамы. Танымал адвокат Жанна Оразбахованың айтуынша, мұндай істерде уақыт көбіне жəбірленушіге қарсы жұмыс істейді. 

«Полиция созбалаңға салса, ал сот тек рəсімдерді орындаумен шектелсе, агрессор жүйеден қорқуды тоқтатады», - дейді.

Адвокаттың пікірінше, əрбір азамат бұл мəселеге бейжай қарамауы тиіс. Жəбірленушілер туралы ашық айту, олардың қауіпсіздігіне қолдау көрсету – қоғамның жауапкершілігі. Жүйелі əрі кешенді шаралар болмаса, зорлық шеңбері қайтадан кеңейіп, жəбірленушіге қосымша қауіп төне береді.  Өкініштісі, елімізде жыл сайын 400-ге жуық әйел дәл осындай отбасындағы зорлық-зомбылықтан көз жұмып жатыр. Ал қаншама бала көзі жәутеңдеп, ана мейірімінен айырылуда. 

Жанель Омарова

Пікірлер