Былғары өндірісі құлдырады. Не істемек керек?

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QC0w3icHvwaljBlAZGBGaUuabFcfcKlpOSwGOxZg.jpg

Қазақстанда төрт түлік мал жеткілікті. Ал шын мәнінде тері өнімдері игерілмей, зауыттар жұмысы тұралап, бүгінгі таңда жинаушылары да азайған. Тері мамандары тері өңдеу саласының құлдырағанын айтып жиі дабыл қағып жүр, алайда құлақ асар қауым, істеліп жатқан іс жоқ деп отыр.

Осыған орайда мәселенің мәйегіне үңілу үшін Тері өндірушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеевті сұхбатқа тартқан едік.

Елде мал басы жеткілікті болғанымен, тері өңдеу кәсіпорындары шикізат тапшылығын жиі айтады. Неліктен ішкі нарықта сапалы шикізат тұрақты түрде қолжетімді емес?

– Шикізат тапшылығы экспорттық баж салығы (200$/тоннасына) алынбай тұрғанда сезілмейтін. Тері барлық зауыттарға артығымен жететін. Былтыр маусымның 11-індегі Сауда және интеграция министрлігінің шешімімен сыртқа шығаруға салынатын кедендік баж салығы алынып тасталды. Сол кезден бастап тапшылық қатты сезілді. Мысалы, айына 900 тоннаға дейін тері өңдейтін Алматы зауытының өндіріс қуаты бірден екі есеге түсіп кетті. Сондай жағдай Семей, Екібастұз зауыттарында да орын алды. Қордай зауыты тері жетпегеннің салдарынан жыл соңында тіптен қаңырап қалды. Себебі сапалы шикізат Өзбекстанға, Түркияға асып кетті. Ал сапасыз шикізаттың бағасы арзан, пайдасы аз болғандықтан, көп адам жинауға аса құлықты емес. Сол себептен отандық тері өңдейтін кәсіпорындарда шикізат жетіспеушілігі орын алды.

Өңделмеген терінің шетелге арзан бағамен шығарылуы отандық кәсіпорындарға кері әсер етпей ме? Баж салығын алудың зияны қандай?

– Өңделмеген шикі тері сыртқа кетсе, мейлі арзан, мейлі қымбат бағада болсын, ол тек тері жинайтын алып-сатарға ғана пайда әкеледі. Мемлекет қанша салықтан (ҚҚС, әлеуметтік, корпоративтік кіріс салығы т.б.) жұмыс орнынан, ал кәсіпорындар кірістен қағылады, даму болмайды. Терең өңдеу құрдымға кетеді. Инвесторлар қызығушылық танытпайды, тіпті қашып кетеді. Шикізатпен қамтамасыз етілмесе, кім келеді? Міне, осындай мультипликативті зияны бар. Салыстырмалы түрде алсақ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан бәрінде шикі теріге баж салығы бар. Тіпті Моңғолияда шикі теріні шығаруға шектеу қойылған. Біз басқа мемлекеттің шикізат көзі емес, терең өңделген, бәсекеге қабілетті дайын өнім шығаратын мемлекетке айналуымыз керек.

– Қазақстандағы тері өңдеу зауыттарының толық жұмыс істемеуіне не себеп?

– Тері зауыттарының толық жұмыс жасамауына сапалы шикізаттың тапшылығы себеп. Екіншіден, нарықта сұраныстың аз болуы. Бірақ бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Ең алдымен сапаны жақсартсақ, баға да, сұраныс та болады. Сосын шекараны жауып, шикізатты сыртқа шығармау керек, сонда зауыттарда тапшылық болмайды.

Мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдіктер нақты кәсіпорындарға жетіп жатыр ма, әлде қағаз жүзінде ғана қалып отыр ма?

– Субсидия тері өңдейтін кәсіпорындарға тәуелсіздік алғалы бері ешқашан берілмеген. Кедендік баж салығы бізде болған жалғыз жеңілдік еді, былтыр алынып тасталды. Басқа арнайы жеңілдік әзірше жоқ, бірақ үкіметтен үмітіміз жоқ емес. Отандық тері өңдеушілерге субсидия қарастырамыз деген әңгіме бар. Баж салығын алып тастағаннан кейін отандық өңдеушілерді қолдау мақсатында субсидия қарастырған жөн деп санаймыз.

Қазір тері алып-сататын адамдар азайыпты. Жалпы тері алып-сату саласында істейтін адамдарға да қолдау қажет пе, жалпы бұл жұмыста түйткіл бар ма?

– Тері жинаудың, оны тұздау, өткізудің бейнеті көп жұмыс. Бұрын терінің базары жүріп тұрғанда, пайдасы да жетерлік еді. Біршама адам айналысқан. Бірақ қазір пайдасы азайып, тәуекелі көбейіп, машақаты сол қалпында қалғанда, көп адам айналыспай, тастап кетті. Терінің жиналмауының бір себебі осы. Одан бөлек қаражат тапшылығы, жұмыс ақысының, жол кіресінің қымбаттауы, тұз, жанармай т.б. шығын материалдардың бағасының күрт өсуі, ал тері бағасының арзандығы көп адамды жұмысын ауыстыруға мәжбүр қылды. Біз субсидияны осы тері жинайтын адамдарға берген жөн деп есептейміз. Себебі олар болмаса, зауыттардың жұмысының құны көк тиын. Тері келмесе, зауыт тоқтайды. Тері өз аяғымен зауыттарға кірмейді ғой?! Бұл тұрғыда теріші қауымын көптеп ынталандыру, қызықтыру қажет. Айналым қаражатын толтыруға жеңілдетілген несие берген де жөн. Теріге бастапқы құжаттарды жасауға көмектесу керек. Бірақ шарт қою керек: субсидия алу үшін тері шикізатын тек отандық тері өңдеуші зауытқа өткізуі тиіс. Терішілердің жұмысы жақсарса, зауыттардың да, тері өткізетін фермерлердің де жұмысы жеңілдейді, баға көтеріледі, сапа да жақсарады.

Тері өңдеу – экологиялық тұрғыдан күрделі сала. Қатаң экологиялық нормалар өндіріс шығындарын өсіріп, кәсіпорындарды жабылуға итермелеп отырған жоқ па?

– Бұл сөздің де жаны бар. Экологиялық талаптар жыл сайын күшейтіліп жатыр. Бірақ біздің тері шикізат базасының сапасы 75–80% тек ақуыз, желатинге жарайтын тері болғандықтан, жуатын, ағартатын, тазартатын әк, сода, тұздар, сутек тотығы секілді қоспалар қосылады. Негізінен біздің тері зауыттары Кеңес дәуірінде салынған, ол кезде экологиялық нормалар ескерілген. Кейінгі салынған зауыттардың біршамасында заманауи тазалағыш қондырғылар орнатылған. Экологиялық нормалар ескерілмесе, экологиялық паспорт, рұқсат алу мүлде мүмкін емес. Әрине, оны заман талабына сай жетілдіру қажет, бұл тұрғыда мемлекеттің көмегінсіз болмайды. Мысалы, Түркия елінде Тузла деген қала бар, бүкіл тері зауыттары сонда орналасқан. Сол тері зауыттарының кәріз суларын тазартатын орталықтандырылған мемлекет салып берген станция бар. Бүкіл зауыттар соған ақшасын төлеп, суын тазартады және ол екі тарапқа да тиімді. Бізге де мемлекет осындай жағдай жасап берсе құба-құп болар еді.

Білікті технологтар мен мамандардың жетіспеуі қаншалықты өзекті? Оқу орындарын бітірген жастар бұл салаға қызыға ма?

– Білікті технологтар мен мамандар мүлде жоқ. Сондықтан тері зауыттары мамандарды көбінесе сырттан әкеледі, мысалы Түркия, Ресей, Қытай, Украина т.б. ЖОО профильді мамандарды дайындауды мемлекет дереу қолға алған жөн. Жастар мүлде қызықпайды. Олар қызығу үшін, біріншіден, тұрақтылық керек. Табысы еңбек нарығында бәсекеге лайықты болуы шарт. Тері өндірісінде бұл шарттардың көбісі орындалғанымен, жұмыстың ауырлығы, иісінің өткірлігі жастарды аса қызықтыра қояды деп айта алмаймын. Сондықтан бұл жұмысқа елуден асқан, тұрақталған адамдар келеді. Маман табу түгілі, жұмысшы табудың өзі бүгінгі таңда үлкен мәселе, әсіресе үлкен қалаларда. Ал ауылдық жерде біршама жеңілдеу.

Дайын былғары өнімдерінің басым бөлігі шетелден келеді. Отандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуына не кедергі?

– Негізінен жоғарыда айтылған мәселелердің жиынтығы өз еліміздің өнімдерін бәсекеге қабілетті қыла алмай отыр. Жалпы бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы демекші, ең бірінші ауызбіршілік жетіспей тұр. Әркім өзіне қарай тартпай, ортақ мемлекеттік мүддені, Президент тапсырмасына сәйкес отандық өндірісті дамытуды мақсат тұтып, соның аясына жұдырықтай жұмылсақ, айналдырған оншақты жылда белгілі бір деңгейге жетуге болады. Мысалы, өз-өзімізді 5 жылда – 15%, 7 жылда – 30%, 10 жылда – 50% былғары аяқкиіммен қамтимыз деген меже қойсақ, соған жетуге бүкіл күшті жұмылдырып, қыруар шаруа атқарылса, қанша адам жұмыспен қамтылып, еліміздің экономикасына қандай пайда келер еді? Ол үшін контрабанда түбегейлі жойылып, адал бәсеке орнап, ішкі нарық қорғалып, отандық тауар өндірушілерге жағдай жасалса, былғары өнімдері бәсекеге қабілетті болар еді. Бұл тұрғыда алысқа бармай-ақ, Өзбекстанның тәжірибесін зерттеп көрсек болады.

Сұхбаттасқан

Олжас Жолдыбай

Пікірлер