Ірі өнеркәсіп кәсіпорындары жаңа Конституция бойынша референдумға қатысуға шақырды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/NbwgPlgp1y7SLKqHJYNI7vfFQiH5ErnOisRt1NEK.jpg

Алматыда бірқатар ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдары Жаңа Конституция жобасын және 15 наурызда өтетін алдағы республикалық референдумды қолдайтындарын білдірді. 

Бастамаға «Ақсай» нан-тоқаш өнімдері комбинатының қызметкерлері қосылды. Кәсіпорынның даму және техникалық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Марлен Шөмшікбаев алда болатын маңызды оқиғаның елдің одан әрі дамуы үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтті.

– Біз еліміз үшін маңызды кезеңнің қарсаңында тұрмыз. Ұсынылып отырған жаңа Конституция – мемлекетіміздің ертеңгі даму бағытын айқындайтын негізгі құжат. Ол әділеттілік, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік тұрақтылық сияқты маңызды мәселелерді қамтиды. Біз еліміз үшін сенімді болашақ қалаймыз, – деді ол.

Жаңа Конституция жобасын сондай-ақ ТМД елдеріндегі темірбетон конструкцияларын өндіретін ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Алматылық көпір конструкциялары зауыты» ЖШС ұжымы да қолдады. Жұмысшы жастар өкілі, арматура және қалыптау цехтарының бастығы Мадияр Әбілқайып ұсынылып отырған өзгерістердің әлеуметтік кепілдіктерді нығайту және еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін маңызды екенін атап өтті.

– Біздің ұжым референдумды және өнеркәсіп саласында бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін Негізгі заңдағы өзгерістерді қолдайды. Конституция жобасы еңбек адамының мәртебесін арттырып, қызметкерлер үшін әлеуметтік кепілдіктерді бекітеді, – деді ол.

Алғашқылардың бірі болып бастаманы Алматыдағы еліміздегі ең ірі кондитер фабрикасы – «ЛОТТЕ Рахат» АҚ ұжымы да қолдады. Компанияда Жаңа Конституция мемлекетті дамытуға және азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғаны атап өтілді.

– Жаңа Конституция елдің дамуына, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Сондықтан біз Әділетті Қазақстан құруға бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Әрбір азамат 15 наурыз күні өз таңдауын жасауы тиіс, – деп атап өтті компания өкілдері.

Сонымен қатар, Жаңа Конституция жобасы мен алдағы референдумды «Шин-Лайн», «Top Fiber Panel» ЖШС, «Радуга» лак-бояу зауыты, «Құлпынай», «Масло-дел» ЖШС, La Porte фабрикасы, «КазФерроСталь» ЖШС және қаланың басқа да өндірістік ұйымдарының ұжымдары қолдады.

Осылайша, Жаңа Конституция жобасын қолдау және алдағы референдумға қатысу бастамасын Алматының жетекші өндірістік кәсіпорындарының ұжымдары – тамақ және жеңіл өнеркәсіптен бастап металлургия мен құрылыс саласына дейін – белсенді түрде қолдады.

Пікірлер