Жасауына 800 кітап апарған қалыңдық көпшілікті сүйсінтті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/M891AaNNAh9pC3VVpgzA05PN4x4J8CkIHz27U03i.jpg

Андижан қаласының тұрғыны Насибахон Ибрагимова әлеуметтік желі қолданушыларын ерекше үйлену тойының жасауымен таңғалдырды. Ол жасауына шамамен 800 кітап алып келіп, дәстүрлі жасауды кітапқа деген сүйіспеншіліктің символына айналдырды. Бұл туралы kun.uz жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Оның жұбайы Миржалол Махмараимовтың айтуынша, кітаптарды олар бірнеше жыл бойы бірге жинаған. Ерлі-зайыптылар шамамен үш жыл кездескен, сол уақыт ішінде кітап оқу олардың ортақ қызығушылығына айналған.

“Біз кітаптарды бірге оқыдық, бірге жинадық және сатып алдық. Сонымен қатар кітаптарды онлайн сатумен де айналыстық. Біздің арманымыз – бір ортақ кітап сөресіне ие болу еді”, – дейді ол.

Той 2025 жылдың тамыз айында өткен. Той алдында Насибахон күйеуінің үйіне өзінде болған және екеуі бірге жинаған кітаптарды алып келген. Үйлену тойынан кейін жұбайлар оларды біріктіріп, бір үлкен отбасылық кітапхана жасаған.

Қазір олардың отбасылық коллекциясында шамамен 1500 кітап бар.

Қазіргі уақытта ерлі-зайыптылар Ташкент қаласында тұрады. Миржалол сол жерде Чорсу базарындағы кітап дүкендерінің бірінде жұмыс істейді.

Оның айтуынша, кітапхана суреті интернетте кездейсоқ танымал болып кеткен. Фото Насибахонның Зульфия атындағы сыйлыққа қатысу үшін тапсырған құжаттарына тіркелген еді. Кейін бір блогер оны желіде жариялаған.

Пікірлер