Атырау маңында жоғалып кеткен Жангелдин ауылының тұрғындарына қатысты қайғылы оқиғаға байланысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна".
Іздестіру барысында отбасының тағы екі мүшесі – Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері табылды. Осылайша аталған отбасының барлық мүшелерінің денесі анықталған.
Дереккөздердің мәліметінше, олар да қаза тауып, Геолог ықшамауданында орналасқан үйдің ауласына жасырын көмілген. Бұл үйді күдікті бұрын әйелімен бірге уақытша жалдап тұрғаны айтылып отыр.
Алдын ала ақпарат бойынша, аталған қылмысқа Сұлтан Сәрсемалиев күдікті ретінде қарастырылып жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жалғасты.
Еске салсақ, Атырау облысы Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде анықталған.
Сонымен қатар, Атырауда ата-енесін өлтірді деген күдікті Индонезияда ұсталғаны мәлім болған еді.
