Тұңғыш ұлттық мерзімді басылым. Астраханьда шыққан «Қазақстан» газетіне 115 жыл толды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/d2GYbYGHkywSyXqdIDKoqee5qGEHdLd8zxZAPrwl.jpg

Бүгін, 10 наурыз, қазақтың алғашқы басылымдарының бірі – «Қазақстан» газетінің жарық көргеніне 115 жыл толды, деп хабарлайды "Адырна".

Газеттің алғашқы саны 1911 жылғы 10 наурызда Астрахань қаласында жарық көрген. Сол жылы редакция Орал қаласына көшірілді. Алғашқы кезеңде газеттен барлығы 18 сан шықты. Газеттің алғашқы редакторы – Елеусін Бұйрин болды. Газет ісіне сонымен қатар қазақ ағартушылары Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мамытұлы сынды тұлғалар үлес қосқан.

«Қазақстан» газеті – қазақ топырағында шыққан тұңғыш ұлттық мерзімді басылым. Сол заманда газетті шығару оңай болмаған. Елеусін Бұйраұлы патша үкіметінің қыспағына қарамастан, ұлт мүддесін қорғап, демократиялық бағыттағы газет жүргізді. Газеттің аты – «Қазақстан» деп аталуымен де тарихи мәнге ие: патшалық Ресей қазақ даласын «Қырғыз өлкесі» деп атап, жерді күшпен иемденуді заңдастырғысы келген еді. Газет редакторы бұл империялық саясатқа қарсы шыққан.

Басылым қазақ азаматтарының қаржысы арқылы шықты. Елеусін Бұйраұлы, Бақытжан Қаратаев, Шәңгірей Бөкейұлы, Ғұмар Қараш, Сейітқали Мендешұлы, Мәжит Шомбалұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы сынды ұлт зиялылары мұғалімдер, дәрігерлер және басқа қызметкерлердің көмегімен қаржы жинап, 1910 жылы Баку немесе Астрахань қаласынан баспахана құрал-жабдықтарын сатып алған. Алғашқы сандар шыққан соң редакция Оралға көшіп, газет сол жерден жарық көрген.

Газеттің баспаханасынан шағын кітапшалар, үнпарақтар мен өлеңдер жинақтары да шыққан. Мысалы, 1912 жылы Елеусін Бұйрин редакторлығымен «Ызың» атты кітапшасы жарық көрген.

Газет қаржы тапшылығына байланысты кейде кешігіп шықты. Сол себепті редакторлар Баку қаласына барып, Әзербайжан мұнай кәсіпкері Зейнел-Ғабиден Тагиевтен көмек сұраған. Ғұмар Қараш кейін «Баку» мақаласында:

«Ақ ниетіміз құрметіне Алла тілегімізді аңғарып, барған хатымызды хош алды, «Қазақстанға» мың сом жәрдем берді. Амандасып айырылысар кезде «Қазақ баласына менің сәлемім – дәулет менікі емес, милаттікі» деді», – деп жазған.

Осындай қажырлы еңбектің арқасында «Қазақстан» газеті қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық санасының қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Пікірлер