Михаил Шайдоров ISU сыйлығында «Ең үздік костюм» номинациясына үміткер атанды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/q9EYysOp5IUCqNZk3AE13ztWmrmL1OOUhR7RgBra.webp

Фото: ҰОК

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Милан–Кортина Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоров  беделді ISU Figure Skating Awards 2026 сыйлығының үміткерлері тізіміне енді. International Skating Union спортшыны «Ең үздік костюм» аталымына қосты, деп хабарлайды "Адырна".

Бұл аталым 2025-2026 жылғы маусымда алғаш рет көрсетілген, креативтілігімен, стилімен, сәнімен және өзіндік ерекшелігімен көзге түскен костюм үшін жеке мәнерлеп сырғанаушыға, спорттық жұпқа немесе би дуэтіне беріледі.

Шайдоров Олимпиадада киген костюмді дизайнерлер Сәенг Жақсыбаев пен Aқмарал Жарасқызы дайындаған. Дәл осы қара-көк түсті, жылтыр элементтері бар костюммен спортшы Италияда өткен 2026 жылғы Олимпиада ойындарында еркін бағдарламасын орындаған.

Үміткерлерге дауыс беру 18 наурызға дейін жалғасады. Осыдан кейін сарапшылар қысқа тізімнен жеңімпаздарды анықтайды. Сыйлықтың қорытындысы 29 наурызда Прага қаласында өтетін Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты кезінде жарияланады. Салтанатты рәсімді Skating ISU YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Айта кетейік, ISU Figure Skating Awards жыл сайын өткізіледі. Бұл марапат аясында тек спортшылар ғана емес, сонымен қатар жаттықтырушылар, хореографтар және костюм дизайнерлері де атап өтіледі.

Михаил Шайдоров  - «Ең үздік костюм» аталымы бойынша бұл сыйлыққа ұсынылған Қазақстандағы алғашқы мәнерлеп сырғанаушы.

Еске салайық, Михаил Шайдоров Олимпиада - 2026  ойындарында ерлер арасындағы жеке сайыста алтын медаль жеңіп алып, Олимпиада чемпионы атанды. Бұл Қазақстан тәуелсіздік жылдарындағы мәнерлеп сырғанаудан алынған алғашқы олимпиадалық алтын медаль.

Пікірлер