Фото: ria.ru
АҚШ 11 сәуірге дейін Ресей мұнайы мен мұнай өнімдерінің 12 наурызға дейін кеме арқылы жөнелтілу керек партияларын санкциядан уақытша шығарды. Сәйкес мәмілелер жасауға мүмкіндік беретін лицензия 12 наурыз күні АҚШ Қаржы министрлігінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды "Адырна".
Министрлік басшысы Скотт Бессент бұл шешім Дональд Трамптың бастамасымен қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, шараның негізгі мақсаты — әлемдік энергетикалық нарықтардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және мұнай бағасының күрт өсуіне жол бермеу.
Бессент X әлеуметтік желісіндегі жазбасында бұл «тар бағыттағы және қысқа мерзімді қадам» екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шешім Ресей үкіметіне айтарлықтай қаржылық пайда әкелмейді. Себебі Ресей бюджетінің негізгі кірісі мұнай сатудан емес, өндіру орындарында алынатын салықтардан қалыптасады. Сонымен қатар ол мұнай бағасының қазіргі өсуін «уақытша құбылыс» деп бағалап, ұзақ мерзімде бұл АҚШ экономикасына тиімді болатынын айтты.
Fox News телеарнасының мәліметінше, 12 наурыздағы жағдай бойынша әлемнің 30 түрлі нүктесінде ресейлік мұнай тиелген танкерлерде шамамен 124 млн баррель мұнай тұрған. Бұл көлем, егер күнделікті тұтыну деңгейімен есептесе, шамамен 5–6 күндік жеткізілімге тең.
Бұған дейін АҚШ Үндістанға ресейлік мұнайды сатып алуға бір айлық рұқсат берген. 6 наурызда Бессент Вашингтон теңізде тұрған ресейлік мұнайды Үндістанның 30 күн ішінде сатып алуына мүмкіндік бергенін мәлімдеген.
10 наурызда өткен баспасөз конференциясында Трамп Ресейге қарсы санкцияларды уақытша жеңілдету мүмкіндігін де жоққа шығармаған. Оның айтуынша, мұнай бағасын тұрақтандыру үшін кейбір елдерге қатысты санкциялар уақытша тоқтатылуы мүмкін. Ал егер геосаяси жағдай тұрақталып, бейбітшілік орнаса, оларды қайта енгізудің қажеті болмайтынын айтқан.
Соған қарамастан, 11 наурызда G7 елдері Иранмен байланысты шиеленіс жағдайында Ресей мұнайына салынған санкцияларды толық алып тастамау жөнінде келісімге келгені хабарланды. Келесі күні АҚШ Энергетика министрі Крис Райт Ресейге қатысты санкцияларды жеңілдету жоспары жоқ екенін мәлімдеді.
Соғыс жағдайына байланысты мұнай бағасының өсуі АҚШ-ты стратегиялық қордағы мұнайды пайдалануға итермеледі. 12 наурызда АҚШ Энергетика министрлігі 172 млн баррель мұнайды нарыққа шығаратынын жариялады. Бұл шешім Халықаралық энергетикалық агенттік аясындағы міндеттемелерді орындау мақсатында қабылданған.
Ұйым жоспарына сәйкес, 32 мемлекет, соның ішінде Германия, жалпы көлемі 400 млн баррель мұнайды стратегиялық қордан шығару тиіс.
