АҚШ Иранға Ормуз бұғазына қатысты талап қойды

50
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dG89chxog1COtrORyVz9DojVbN6awbqe2kjhKviI.jpg

АҚШ Ираннан Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге жасалатын шабуылдарды тоқтататынын жария түрде мәлімдеуді талап етті. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Вашингтон бұл талаптың орындалуына 11 шілдені соңғы мерзім ретінде белгілеген, деп хабарлайды “Адырна”.

Егер Тегеран талапты орындамаса, оған әскери және экономикалық сипаттағы қатаң шаралар қолданылуы мүмкін екені ескертілді.

Америка тарапы Иранның коммерциялық кемелерге шабуылдарды тоқтататынын ресми түрде жариялауын, Ормуз бұғазы арқылы өтетін барлық теңіз бағыттарының ашық екенін және халықаралық кеме қатынасы еркін әрі ешқандай төлемсіз жүзеге асатынын растауын талап етіп отыр.

Күтіліп отырғандай, бұл мәселе Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мен Оманның сыртқы істер министрі арасындағы Маскат қаласында өтетін келіссөздерден кейін жария етілуі мүмкін.

Axios басылымының мәліметінше, АҚШ дәл осы күнді Тегеранның ресми ұстанымын білдіруі тиіс соңғы мерзім ретінде қарастырып отыр.

Вашингтон соңғы күндері жүргізілген келіссөздерді нәтижелі деп бағалағанымен, Иран маусым айында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумның талаптарын бұзып, Ормуз бұғазындағы кемелерге шабуылдарды жалғастырды деп есептейді. АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, Иран бұл әрекеттерді елдегі жекелеген құрылымдардың ісі деп түсіндірген.

Сонымен қатар АҚШ Ираннан жоғары деңгейде байытылған уран қорын тапсыруды талап етуді жалғастырып отыр. Вашингтонның пікірінше, бұл мәселе шешілмейінше, жаңа ядролық келісімге қол жеткізу мүмкін емес.

Еске салсақ, 8 шілдеде өткен НАТО саммитінде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған бітімнің аяқталғанын мәлімдеген болатын. Кейін АҚШ әскері Иран аумағына қосымша соққылар жасап, мұны Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен байланыстырды.

Өз кезегінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ әскери базаларына соққы жасағанын хабарлады. Тегеран Вашингтон әскери операцияны жалғастырған жағдайда өңірдегі басқа да америкалық нысандарға шабуыл жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Аймақтағы шиеленістің күшеюі әлемдік мұнай бағасының өсуіне де әсер етіп отыр.

Пікірлер