Федерациядағы өзгерістер. Серік Сәпиев пен Қанат Ислам жаңа қызметке тағайындалды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xWkJZ9Ly0ZnMpOaCHsY9EYTsVmtjYxc7Cg7TkqpI.jpg

Олимпиада чемпионы, танымал қазақстандық боксшы Серік Сәпиев Қазақстан бокс федерация президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қазақстан бокс федерациясы президентінің боксты дамыту жөніндегі кеңесшісі қызметінде Серік Сәпиев бокс құрамаларының нәтижесін жақсарту, спорт түрін дамыту бойынша жүйелі жұмыс пен Олимпиада ойындарындағы жоғары жетістік жолында жұмыс атқарады»,- делінген федерация хабарламасында.

Бұған дейін ол әріптесімен болған жанжалдан кейін Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы қызметінен босатылған еді.

Сондай-ақ танымал кәсіпқой боксшы Қанат Ислам бокстан 19 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының үйлестірушісі болды. Ол – WBA FedeCaribe нұсқасы бойынша чемпион атанған тәжірибелі кәсіпқой боксшы. Әуесқой бокста Қытай құрамасының сапында өнер көрсетіп, Бейжің Олимпиадасының, әлем чемпионатының және Азия ойындарының қола жүлдегері болды. 2010 жылдан бастап Қазақстан азаматы атанған спортшы «Астана Арландары» клубы сапында да өнер көрсетті. Кәсіпқой рингте 30 жекпе-жек өткізіп, оның 22-сін нокаутпен жеңген.

Пікірлер