Каспий экологиясы мен инвестиция. Бектенов пен Мишустин келіссөз жүргізді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/m4o9VjGtCSxkiCq09yDpozv83Y5u3BGzpA0Y7JaD.jpg

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді. Бұл туралы бүгін, 25 наурызда Үкіметтің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, өнеркәсіп, энергетика және көлік саласындағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ экология саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында қазақ-ресей қатынастары өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Соңғы жылдары өзара сауда көлемі  $30 млрдтық межеге едәуір жақындады»,- деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ресей Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы елдер қатарында. Мәселен, өткен жылдың 9 айында көршімізден $2,1 млрд инвестиция тартылды. Ал 20 жыл ішінде ресейлік тікелей инвестициялар көлемі $28,5 млрд-қа жетті. Қазақстан РФ экономикасына $9 млрд инвестиция салды.

«Сізді және қазақстандықтарды тарихи оқиғамен, жаңа Конституцияларыңыздың қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын. Референдум нәтижесі Қазақстан халқының ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заманауи әрі өркендеген мемлекет құру, республика азаматтарының әл-ауқатын арттыру бағытын қолдайтынын нақтылай түсті»,- деп атап өтті Михаил Мишустин.

Келіссөздер барысында Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және табиғатты қорғау бастамаларын жүзеге асыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдарға да назар аударылды. Қазақстан Каспий теңізі деңгейінің одан әрі төмендеуін болдырмауға және экологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған барлық Каспий маңы мемлекеттерінің жүйелі және келісілген өзара іс-қимылын қолдайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Каспийдің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаның жобасы әзірленуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту ниетін растады.

Пікірлер