Маңғыстау облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шаралары күшейтіледі

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BPB0o11ERqRtgsDaUkJbjiBC8rw0uGYAHglj4yrY.jpg

Бүгін, 27 наурыз күні Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Ораловтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Отырысқа комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, құқық қорғау және бақылаушы құрылымдардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде мемлекеттік органдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және олардың алдын алу шаралары қаралды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қуаныш Әділханов баяндама жасап, анықталған заңбұзушылықтар, жүйелі тәуекелдер және жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижелерін бөлісті.

Отырыс барысында Асхат Оралов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін, бұл жүйелі әрі принципті тәсілді талап ететінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті «Әділетті Қазақстанды» құрудың және «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтырудың негізгі шарты деп айқындайды. Президент мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау, процестерді цифрландыру және квазимемлекеттік сектордағы бақылауды күшейту бойынша міндеттер қойып отыр. Осыған байланысты біз сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол берілмейтін тиімді әрі ашық жүйе қалыптастыруға міндеттіміз. Сыбайлас жемқорлық – қоғамның мемлекетке деген сеніміне тікелей қауіп. Біз тіпті бір ғана фактіге көз жұма алмаймыз. Әрбір басшы өзінің жеке жауапкершілігін түсінуге тиіс», – деп атап өтті Асхат Оралов.

Кеңес қорытындысы бойынша Асхат Оралов қабылданған ұсынымдардың орындалуын қатаң бақылау, құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша бақылауды күшейту, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, заңнаманың біркелкі қолданылуын және белгіленген шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жіберілген құқықбұзушылықтар үшін басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмысты жандандыру тапсырылды.

Осы тапсырмалардың орындалуы ерекше бақылауда болады, ал өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жүйелі әрі қағидатты түрде жалғасады.

 

Пікірлер