Жаңаөзен төрінде кемелдікке бастар ой шырағы жағылды

221
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SEDllwsBK7VUGZrFPrQDp1oEbHxbcQAaVyjoYQDT.jpg

«Кемелденудің жеті шеңбері» тұжырымдамасына арналған екінші символдық ескерткіш ашылды.

Киелі Маңғыстау төрінде ақын, философ Мұратхан Шоқанның «Жаратылыснама» кітабында негізделген «Кемелденудің жеті шеңбері» тұжырымдамасына арналған екінші символдық ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті. Алматыда бастау алған игі бастаманың Жаңаөзенде жалғасын табуы оның қоғамдық-мәдени кеңістіктегі ауқымын кеңейте түсті.

Тұжырымдаманың негізгі философиялық мәні – адам санасының отбасынан, жақын айналасының қамынан ұлтқа, тұтас адамзатқа, одан әрі бүкіл жаратылысқа деген жанашырлық деңгейіне көтерілуі. Шынайы кемелдену – өзгенің тағдырына бейжай қарамай, ортақ әлем алдындағы жауапкершілікті сезіне білу. Демек, адам санасының биігі – жанашырлықтың шексіздігі.

Салтанатты рәсімге қатысқан Жаңаөзен қаласының әкімі Сымбат Қуанышұлы Төретаев бастаманың маңызын атап өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Саламадинқызы Жүембаева мен Мұнайшы мәдениет үйінің директоры Өркен Нұратдинұлы Туебаев атсалысты.

Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Құрылтай депутаттары Жарқынбек Амантайұлы мен Дидарбек Ділдәбек, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев және шетелдік қаламгерлер құттықтау лебіздерін жолдады. Жиында Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Мыңбай Сақи Еңсепұлы да жүрекжарды тілегін білдірді.

Жаңаөзенде бой көтерген символдық ескерткіш – адамды жеке мүдде шеңберінен шығып, ұлтқа, адамзатқа және тұтас жаратылысқа жанашыр болуға үндейтін тағылымды белгі. Оның басты мұраты – саналы ұрпақ қалыптастыру, ізгілік пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу.

Адам кемелденсе – санасы кеңейеді. Санасы кеңейсе – жанашырлығы бүкіл жаратылысты қамтиды. Ой шырағы әр кеудеде жансын, қоғам ізгілікке толсын!

Пікірлер