Әскерилер өлімі. Теңіздегі жаттығудан не белгілі?

156
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QqIsv14QH1ZTqnghlLTgTNmwUR9zphS1IsLimkSZ.jpg

Каспий теңізінің қазақстандық секторында 24 қыркүйекте қайғылы жағдаймен аяқталған әскери оқу-жаттығу екі күн бұрын басталған, деп хабарлайды “Адырна”. 

22 қыркүйекте Қазақстан қорғаныс министрлігі әскери-теңіз күштерінің «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуы басталғанын хабарлаған. 

Ведомствоның мәліметінше, оқу-жаттығу стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың бірыңғай жоспары аясында өткізілген. Маневрлерге әскери-теңіз күштері мен оған бағынысты бөлімшелердің 500-ден астам әскери қызметшісі, әскери кемелердің экипаждары мен жағалау бөлімшелері қатысты. Сондай-ақ ҰҚК шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша жағалау күзеті мен әуе қорғанысы күштерінің бөлімшелері тартылған. 

Оқу-жаттығуға әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жетекшілік еткен.

Қорғаныс министрлігі сол кезде оқу-жаттығудың негізгі мақсаты жеке құрамның кәсіби даярлығын жетілдіру, экипаждардың жауынгерлік әзірлігін арттыру және күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын пысықтау екенін хабарлаған. 

Ал 24 қыркүйекте оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізіне 19 әскери қызметкерді ағыс алып кеткен. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тоғыз әскери қызметкер қаза тапқан, үшеуі құтқарылған. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. 

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары жіберіліп, іздестіру-құтқару жұмыстарына әскери-теңіз күштері, төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері мен авиация тартылған. Қорғаныс министрлігі оқиғаның мән-жайы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

Пікірлер