Қатерлі дертті жеңген махаббат. Атыраулық жұптың әсерлі оқиғасы көпшіліктің жүрегін елжіретті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UpDd17YTFTWMkkNCkeiqBXF8C4FGBcRcFCv2RQjY.jpg

Әлеуметтік желіде атыраулық 23 жастағы Райымбек Дауылбаев пен оның жарының әсерлі махаббат хикаясы кеңінен таралып, көпшіліктің жүрегін елжіретті. Ерлі-зайыптылардың тағдыры – ауыр дертпен күрес, үміт пен шынайы сезімнің жеңісі туралы оқиға.

Райымбектің айтуынша, сырқат студент кезінде басталған. Ол сол уақытта музыкалық байқауға дайындалып жүрген. Алайда күйзеліс пен уайым денсаулығына кері әсер етіп, дәрігерлер оған қатерлі ісік диагнозын қойған.

Дерт уақыт өте асқынып, шап тұсынан кеуде қуысына дейін таралған. Кейін жас жігіт дәрігерлердің бақылауымен Оңтүстік Кореяда ем қабылдайды. Ұзақ әрі күрделі ем-дом мен табанды күрестің арқасында ол ауыр ауруды жеңіп шыққан.

Бұл оқиға көпшілікке оның жұбайының Threads платформасында жариялаған жазбасы арқылы белгілі болды. Онда ол таныстықтарының ерекше жағдайда басталғанын баяндаған.

Жұбайының сөзінше, олар Райымбек ем алып жатқан кезде танысқан.

“Күйеуім ракпен ауырып жүрген кезде таныстық. Ол Сеулде емделіп жатқанын, жалғызсырап жүргенін айтты. Мен бірден оған барамын деп шештім. Бардым. Сөйтіп, бір-бірімізді қатты жақсы көріп қалдық. Кейін оған мотивация болсын деп: «Егер сен жазылып шығуға уәде берсең, мен саған тұрмысқа шығуға уәде беремін» дедім. Екеуміз де сол уәдемізде тұрдық. Шүкір”, — деп жазды жұбайы.

Биыл қыста қос ғашық Атырау облысы Доссор кентінде шаңырақ көтеріп, жаңа өмірге қадам басты.

Желі қолданушылары бұл оқиғаны үміттің, төзімнің және шынайы махаббаттың символы ретінде бағалап, жас жұбайларға ақ тілектерін жаудырып жатыр.

Пікірлер