Ресей 1 мамырдан бастап Достық мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын Германияға жеткізуді тоқтатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Reuters-ке сілтеп.
Агенттік мәліметінше, ресейлік тарап транзит кестесін өзгертіп, оны Қазақстан мен Германияның профильдік ведомстволарына жолдаған. Алайда Ресей Федерациясының энергетика министрлігі бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме бермеген.
Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай жоспардан бейхабар екенін айтып, ақпаратты тексеруге уәде берген.
Бұған дейін «Достық» құбыры арқылы Германияға, әсіресе Шведт қаласындағы ірі мұнай өңдеу зауытына шикізат тұрақты жеткізіліп келген. Украинадағы соғыстан кейін Ресей мен Германия арасындағы қарым-қатынас нашарлап, аталған зауытты басқару неміс билігінің қолына өткен.
Соған қарамастан, құбыр арқылы Қазақстан мұнайы Еуропаға жеткізіліп отыр. 2025 жылы Қазақстан Германияға осы бағыт арқылы 2,1 млн тоннадан астам мұнай экспорттаған. Бұл тәулігіне шамамен 43 мың баррельді құрайды және 2024 жылмен салыстырғанда 44%-ға жоғары.
ҚазТрансОйл мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Германияға жеткізілген қазақстандық мұнай көлемі 730 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 353 мың тоннаға артқан.
Сарапшылардың пікірінше, транзиттің ықтимал тоқтауы Қазақстан мұнайын Еуропаға жеткізудегі негізгі бағыттардың біріне әсер етуі мүмкін.
Путин Ресейді әбден әлсіретіп, тіпті таратып барып тарих сахнасынан кетсе, оны "тарихи тұлға" деуге болады.
