Қырғызстанда экс-шенеуніктің қызметтен кетуі төңірегінде саяси пікірталас күшейді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Topnews.kg-ға сілтеп.
Қырғыз Республикасы парламентінің депутаты Эльвира Сурабалдиева қазақстандық журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында Қамшыбек Тәшиевтің қызметтен босатылуына ықтимал мемлекеттік төңкеріс әрекеті себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, ел президенті Садыр Жапаров жағдайдың күрделілігіне қарамастан қатаң шараларға бармай, тек қызметтен босатумен шектелген. Депутат президентке бұл шешімді қабылдау оңай болмағанын, өйткені Тәшиевпен ұзақ жылдық қарым-қатынасы болғанын атап өтті.
Сурабалдиеваның сөзінше, бұл жағдай бір күнде туындамаған, алдын ала дайындық жүрген. Қазір оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр, кейбір күдіктілер ұсталып, іс аясында жауапқа тартылуда.
Айта кетейік, Тәшиевтің ақпан айында отставкасы туралы хабарланған. Ол елдің ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы және министрлер кабинетінің төраға орынбасары қызметтерін қатар атқарған.
