Шың басында қаза тапқан альпинистің мәйітін жеткізу жолы талқыланды

56
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/35fQgz8ZP3AQnW9D3XVvpD5Ax4Z6nlag0RpFPE6m.jpg

Фото: Қуанышбек Қари

Қырғызстан тауында қаза тапқан альпинистің денесін эвакуациялау қайта қаралып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі өткен жазда Жеңіс шыңында қаза тапқан ресейлік альпинист Наталья Наговицинаның денесін таудан түсіру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, министрлік қажетті көмек көрсетуге, соның ішінде үйлестіру жұмыстарын жүргізуге және қауіпсіз жағдай туындаған кезде Қырғызстан қорғаныс министрлігінің авиациясын тартуға дайын. Жеңіс шыңынан денені эвакуациялау мәселесі талқыланып жатыр. Алайда операцияны өткізу туралы ресми шешім әлі қабылданбаған.

Наталья Наговицина 2025 жылдың тамыз айында альпинистер тобымен бірге Жеңіс шыңына көтерілген. 12 тамызда ол 7200 метр биіктікте аяғын сындырып алып, шатырда қалып қойған. Кейін топ мүшелері оған көмектесуге тырысқанымен, төмен түсіру мүмкін болмаған.

Альпинистті құтқару үшін бірнеше рет операция ұйымдастырылып, тікұшақтар да қолданылған. Бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық әрекет нәтиже бермеді.

23 тамызда базалық лагерь басшысы Дмитрий Греков құтқару операциясының тоқтатылғанын мәлімдеген. Ал қыркүйек айында Қырғызстан альпинизм және құзға өрмелеу федерациясы Наталья Наговицинаның қаза тапқанын ресми түрде растады.

Пікірлер