Франция президенті Эммануэль Макронның жұбайынан «шапалақ жеуіне» басқа әйелмен хат алмасуы себеп болған. Бұл туралы журналист Флориан Тардиф айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Брижит Макрон белгілі тұлғаның, Францияда тұратын ирантекті актрисаның хабарламасын көрген», — деді ол RTL радиосының эфирінде.
Тардифтің айтуынша, Макрон бірнеше ай бойы Ираннан шыққан актриса Гүлшифте Фараханимен «платондық қарым-қатынаста» болып, оған жеке сипаттағы хабарламалар жазып жүрген. Журналистің пікірінше, дәл осы жағдай ерлі-зайыптылар арасындағы «шиеленіске» себеп болып, президенттік ұшақ бортында жанжалға ұласқан.
Брижит Макронның айналасындағы адамдар Le Parisien газетіне берген сұхбатында бұл айыптауларды жоққа шығарып, бірінші ханым ешқашан күйеуінің телефонын тексермейтінін айтқан.
Эммануэль мен Брижит Макронның қарым-қатынасы бір жыл бұрын Вьетнамға сапары кезінде БАҚ назарын аударған. Президент ұшақтан шыққан сәтте түсірілген видеода әйелі алақанымен күйеуінің бетін басады. Мұндай жағдайды күтпеген Франция президенті абдырап, бірнеше секунд бойы аң-таң күйде қалған.
Бастапқыда Елисей сарайы бұл видеоны жоққа шығарған. Кейін Макронның айналасындағы дереккөздер мұны "отбасылық жанжал" деп түсіндірген. Ал президенттің өзі «жай ғана қалжыңдастық» деп түсініктеме берген.

Гүлшифте Фарахани. Cурет: woman.ru
