Президент Тоқаев ТМҰ-ның неге геосаяси жоба емес екенін айтты

124
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/l6Oh9pMAtB8JH7ulLwZ6tgA9zIOfGe6xP7s9kAkt.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) геосаяси жоба емес екенін айтып, ұйымды әскери альянс ретінде сипаттаушыларға жауап берді. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды "Адырна".

"Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек. Мысалы, соңғы кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды", - дейді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық.

"Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң. Мұндай ұстаным еліміз үшін – маңызды басымдық, себебі, бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық. "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген аталы сөз – бәрімізге ортақ. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек", - дейді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз.

Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) бес елді біріктіреді: Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан. Түрікменстан мен Венгрия - бақылаушы елдер. Ұйым түркі халықтары арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайту үшін құрылған.

Түркістанға түркі әлемінің рухани астанасы деген ресми мәртебе 2021 жылғы наурызда берілген. Содан бері қала ірі халықаралық кездесулер өтетін тұрақты алаңға айналды.

Биылғы кездесудің тақырыбы - "Жасанды интеллект және цифрлық даму". Көшбасшылар ЖИ, IT-инфрақұрылым және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды талқылап жатыр. Былтыр ТМҰ елдері арасындағы тауар айналымы 13 миллиард долларға жуықтады.

2026 жыл ұйым үшін символикалық дата саналады: 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы съезге 100 жыл толып отыр. Сонымен қатар ТМҰ-ға жаңа серіктестер де қызығушылық танытып жатыр - "ТМҰ+" форматына АҚШ, Жапония, Қытай, Ұлыбритания, Израиль және Украина назар аударып отыр.

Пікірлер