Мамандар таудағы улы өсімдіктен сақ болуға шақырды

107
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BuzZkz7Fj3hH0YovEghyPuMTzfZ1vgpFKmCbh1sY.jpg

Фото: plantarium

Алматылықтарға тауда гүлдеп жатқан қауіпті өсімдік — күймесгүл туралы ескерту жасалды. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл өсімдікке тиіп кеткен жағдайда теріні қатты күйдіріп алу қаупі барын айтып жатыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық поратлы Tengri Travel-ге сілтеп.

Талқылауға Алматы тұрғынының жазбасы себеп болды. Оның айтуынша, қазір тауда әдемі көрінетін, бірақ улы күймесгүл белсенді гүлдеп тұр.

"Химиялық күйік алу өте оңай. Алғашында ештеңе байқалмайды, бірақ келесі күні тері қызарып, күлдірей бастайды. Сондықтан өсімдікке жақындамаған дұрыс", – деді ол.

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары бұл ақпаратты растады. Олардың мәліметінше, парк аумағында жіңішке жапырақты күймесгүл (Dictamnus angustifolius) кең таралған және оның гүлдеу кезеңі мамыр-маусым айларына сәйкес келеді.

Мамандардың айтуынша, өсімдік құрамындағы эфир майлары күн сәулесімен әрекеттескен кезде фотодерматит тудырып, теріні күйдіруі мүмкін. Әсіресе өсімдікке тигеннен кейін күн астында жүру қауіпті.

Ал тыныс алу жолдарының зақымдануы туралы ақпарат толық дәлелденбеген. Дегенмен мамандар өсімдікке қол тигізбеуге және иісін жақыннан иіскемеуге кеңес береді.

Ғалымдардың сөзінше, күймесгүл құрамындағы ұшпа майлардың көптігінен оның маңында от тұтатса, жалын лап ете қалуы мүмкін. Алайда өсімдіктің өзі жанбайды. Халық арасында "күймесгүл" атауы да осы ерекшелігіне байланысты шыққан.

Ұлттық парк келесі қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды:

• жабайы өсімдіктерді ұстамау;

• белгісіз өсімдіктерге жақындамау;

• тауда тек белгіленген маршруттармен жүру;

• қауіпсіздік талаптарын сақтау.

Мамандар тіпті әдемі көрінетін тау өсімдіктерінің де қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді.

Пікірлер