«Жер аманаты» комиссиясында Family park-ТІ мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды

208
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/VmGK37Ciu9OLui3D5loejCP5ueJw5r5tDY1yApWv.jpg

Бүгін «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалында өткен «Жер Аманаты» комиссиясының отырысында Family Park аумағындағы жер телімін пайдалану заңдылығы талқыланды.

Бұған қала тұрғындарынан түскен көптеген өтініш пен саябақтың қазіргі жағдайына қатысты шағым себеп болған.

Бұған дейін Алматы қаласы мәслихатының депутаттары Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге саябаққа арнайы барып, мониторинг жүргізген болатын. Тексеру барысында бірқатар түйткілді мәселе анықталды. Атап айтқанда, аумақтың санитарлық жағдайының төмендігі, инфрақұрылымның тозуы, аттракциондардың техникалық жай-күйі, жасыл желектің күтімінің жеткіліксіздігі және ұзақ уақыт бойы нысанды дамыту жұмыстарының баяу жүруі байқалған. 

Жиынға Алматы қаласының прокуратурасы, Жер ресурстарын басқару департаменті, Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Әуезов ауданы әкімдігі және басқа да уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.

«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуровтың айтуынша, Family Park жайы жекеменшік деңгейінен шығып, қала тұрғындарының ортақ әлеуметтік мәселесіне айналған. 

«Family Park – бұл жай ғана коммерциялық нысан емес, тұрғындар үшін әлеуметтік маңызы бар қоғамдық кеңістік, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Бүгінде саябақтың қанағаттанарлықсыз жағдайда екенін, тиісті деңгейде дамымай отырғанын көріп отырмыз. Бұл мәселеге қатысты тұрғындардың шағымы азаймай отыр. Егер жер телімін пайдаланушы өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамаса, қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қамтамасыз етпесе, онда заңда көзделген шаралар, тіпті нысанды мемлекет меншігіне қайтаруға дейінгі шешімдер қабылдануға тиіс», – деп атап өтті Станислав Канкуров.

Алматы қаласы Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ержан Ташпенбетов тексеру барысында жер телімін беру заңдылығына қатысты бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді. 

«Тексеру нәтижесінде жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту және кейіннен жалдау шартын жасау заңнамада белгіленген тәртіп бойынша жер пайдалану құқығын бастапқы беру рәсімі тиісті деңгейде жүргізілмей жүзеге асырылғаны анықталды. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты департамент тарапынан оларды жою туралы тиісті нұсқамалар берілді. Белгіленген мерзімде талаптар орындалмаса, әкімдік қаулысы мен жер телімін жалдау шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз жолданады», – деді Ержан Ташпенбетов.

Комиссия мүшелері жиын соңында қала тұрғындарының мүддесін қорғау, заңдылықты сақтау және әлеуметтік маңызы бар аумақтарды тиімді пайдалану бойынша нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.

«AMANAT» партиясы бұл мәселені Алматы тұрғындарының мүддесіне сай түпкілікті шешім қабылданғанға дейін бақылауда ұстайтынын айтты.

Пікірлер