Белсенді Оразалы Ержанов 4 жылға бас бостандығынан шектетілді

81
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/u0RGv90fSZVznZcr5ra4Hh8ICF1Vc79YSulRBFte.jpg

Алматының Алмалы аудандық соты «Elge Qaitaru» қорының жетекшісі, заңгер Оразалы Ержановты кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, деп хабарлайды "Адырна".

 Оған пробациялық бақылау қойылып, 5 жылға қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынды.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 150-бабы 2-бөлігі – сайлау процесіне кедергі келтіру бойынша айыпты деп тапты. Айыпқа сәйкес, Ержанов 2026 жылғы референдум алдында әлеуметтік желіде бойкот жариялауға шақырған жазба таратқан және азаматтарды Орталық сайлау комиссиясына өтініш беруге үндеген.

Сонымен қатар айыптауда оның Facebook парақшасында референдумға қатысты белсенділік танытып, Конституция жобасына байланысты жиын өткізуге шақырғаны көрсетілген. Тергеу нұсқасына сай, бұл әрекеттер сайлау процесіне ықпал ету ретінде бағаланған.

Прокурор соттан дәл осы жазаны сұраған. Ержанов өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтып, үкіммен келіспейтінін мәлімдеді және апелляция беретінін жеткізді. Соңғы сөзінде ол референдумға байланысты ұстанымын «қылмыс емес» деп атап, өзіне тағылған айыпты сөз бостандығына қысым ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл іс тек оны емес, Конституциядағы пікір білдіру құқығын да қозғайды.

Ол биыл ақпан айының соңында ұсталып, бастапқыда 10 тәулікке қамалған. Кейін екі айлық қамауға санкция берілген, ал референдум өткеннен кейін үйқамаққа ауыстырылған. Айыптау жағы оның әлеуметтік желідегі жазбалары мен үндеулерін негіз еткен.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, қорғаушы тарап апелляцияға дайындалып жатыр.

Пікірлер