Қазақстан «Нафтогаз» бен «Газпром» дауына араласпайды

254
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wc7SUlzC28PqkWu2nIfN1odA1fXy1bLTnqXgULjE.jpg

Қазақстан билігі украиналық «Нафтогаз» бен ресейлік «Газпром» арасындағы дауға қатысты Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сотының шешімі ел аумағында орындалмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Қазақстанның әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

Министрдің сөзінше, Қазақстан құқықтық байланысы жоқ халықаралық дауларды орындау алаңына айналмайды. Оның айтуынша, «Газпром» АХҚО қатысушысы емес, даулы келісім АХҚО аумағында жасалмаған және іс орталық заңнамасымен реттелмейді.

2026 жылғы 15 мамырда АХҚО соты 2025 жылы Халықаралық сауда палатасының (ICC) арбитражы шығарған шешімді танып, оны орындауға рұқсат берген.

Арбитраж шешіміне сәйкес, «Газпром» «Нафтогазға»:

  • 1,13 миллиард доллардан астам негізгі өтемақы;
  • шамамен 300 миллион доллар өсімпұл;
  • 5 миллион еуро көлеміндегі сот шығындарын төлеуі тиіс.

Алайда Сәрсембаевтың айтуынша, бұл шешім әзірге заңды күшіне енбеген. Себебі ресейлік компанияның шағым түсіруге 14 күні бар.

«Нафтогаз» бен «Газпром» арасындағы жанжал 2019 жылғы Ресей газын Украина арқылы Еуропаға тасымалдау туралы келісімнен басталған.

Ресейдің Украинаға толық ауқымды басып кіруі басталғаннан кейін Украинадағы «Сохрановка» газ нүктесі арқылы транзит тоқтаған. Соған қарамастан, украиналық тарап «Суджа» бекеті арқылы газ тасымалын жалғастырғанын айтады.

Алайда «Газпром» тасымал қызметі үшін толық төлем жасаудан бас тартқан. Осыдан кейін 2022 жылдың қыркүйегінде «Нафтогаз» Швейцариядағы халықаралық арбитражға жүгінген.

2025 жылы арбитраж украиналық компанияның талабын толық қанағаттандырды, ал 2026 жылы Швейцарияның федералдық трибуналы ресейлік тараптың апелляциясын кері қайтарды.

Қазақстанның Әділет министрлігі елдің бұл дауға қатысы жоқ екенін атап өтті. Министрдің сөзінше, халықаралық арбитраж шешімдерін орындау белгілі бір юрисдикциялық талаптарға байланысты жүзеге асады.

Қазақстан 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясына қатысушы болғанымен, ұлттық заңнамаға сәйкес мұндай шешімдер борышкердің орналасқан жерінде немесе оның мүлкі бар елде орындалуы керек.

Осылайша, Қазақстан билігі «Нафтогаз» бен «Газпром» арасындағы халықаралық дауда бейтарап позиция ұстанып отырғанын көрсетті.

Пікірлер