Осы жұрт Таалайбекті біле ме екен? Желтоқсанда марапатынан бас тартқан сарбаз сыры

211
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/52jfrysKl2JpFJy6XpNcQ9GwZpFdRO3kfuL2f3hU.jpg

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне биыл 40 жыл толады. Бұл – қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің символына айналған тарихи оқиға. Алайда көтеріліс туралы айтылғанда, көбіне сипаттау басым түседі. Ал сол күндері шеруді басуға жұмылдырылған әскер қатарында болып, кейін өз әрекетіне сыни көзқараспен қарап, кеңестік жүйені айыптаған бір адам болды.

Ол – Желтоқсан оқиғасын басып-жаныштауға қатысып, сол кезде берілген марапаттан ашық бас тартқан, аты үлкен әріппен жазылуға тиісті азамат Таалайбек Ылайтегін. Сөйтіп ол ар алдында да, адам алдында арылып, Желтоқсанды басып-жаншуды айыптады. 

1985–1987 жылдары ол  Алматыдағы 54/49 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген. Желтоқсан оқиғасы кезінде  Алматының орталық алаңына енгізілген арнайы күштердің қатарында болған.

Арада қырық жыл уақыт өтсе де, ол Желтоқсанды «тәртіпсіздік» емес, Кеңес Одағының іргесін шайқалтқан тарихи көтеріліс ретінде бағалайды. Таалайбектің өзі таяуда ғана 60 жасқа толды. Бүгінгі 31 мамырдағы Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында әлі күнге толыққанды саяси бағасы берілмеген Желтоқсан оқиғасына баррикаданың екінші жағынан қатысқан жауынгермен хабарласып, ой-толғанысымен таныстық.

Суретте Таалайбек Ылайтегін

АЛАҢДАҒЫ АЛҒАШҚЫ КӨРІНІС

Таалайбек Ылайтегін “Адырна” ұлттық порталына сол кездегі оқиғаны еске алып, сыр шертті.

«1986 жылғы 17 желтоқсанда біз марш-бросоктан жаңа ғана келіп, таңғы асқа дайындалып тұрғанбыз. Сол кезде “тревога” жарияланып, қалқан мен дубинка алып, сапқа тұрдық. Бізді Алматының орталық алаңына алып келді. Біраз уақыттан кейін плакат ұстаған қазақ жастары жинала бастады. Түске қарай олардың саны көбейді. Бірақ митингте агрессия болған жоқ», – дейді ол.

Оның бұл сөзі Желтоқсан оқиғасы жөніндегі ресми кеңестік ұстаныммен үйлеспейді. Өйткені сол кездегі билік шерушілерді «тәртіп бұзушылар» мен «ұлтшылдар» ретінде көрсетуге тырысқан болатын.

Таалайбектің айтуынша, сарбаздарға да нақты түсініктеме берілмеген.

«Қазір көп нәрсе есімде жоқ. Бізге “тәртіп бұзу” деген сияқты ақпарат айтылған болуы керек», – дейді ол.

БИЛІК НЕГЕ ҚОРЫҚТЫ?

Таалайбек еске алған оқиғалар желісіне қарағанда, Желтоқсан көтерілісінің алғашқы сағаттарында жағдай бейбіт сипатта болғанына қарамастан, көп ұзамай алаңға ішкі әскер, милиция және арнайы жасақтар кіргізілген.

Таалайбек Ылайтегін мұны кеңестік биліктің халықпен сөйлесе алмауынан көреді.

«Мұндай жағдай – КСРО үшін бұрын болмаған оқиға. Сондықтан билік халықтан қорқып, бізді алаңға алып келді. Бізден кейін милиция және басқа күш құрылымдары алаңға толып кетті.Кейін ойлап қарасам, билік не істерін білмей, тығырыққа тірелген сияқты. Халықпен сөйлесуді де білмеді. Оның үстіне КСРО-да орыстан басқа ұлттардың үні, құқығы шектеулі болды. Қазақтардың көтеріліп шығуы одақ басшыларын қатты үрейлендірді», - дейді Таалайбек. 

Шынында да, Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағы тарихындағы ұлттық мәселе төңірегінде ашық түрде өткен алғашқы ірі қарсылықтардың бірі еді. Сондықтан билік оны саяси мәселе ретінде емес, күшпен шешуге тырысқаны бүгінде анық жай.

«БІЗ ЖАСТАРДЫ ҮКІМЕТ ҮЙІНЕ ЖІБЕРМЕУ ҮШІН ҚУЫП ЖҮРДІК»

Желтоқсанның ең ауыр беттерінің бірі – бейбіт шерушілерге қарсы күш қолданылуы.

Таалайбек Ылайтегін сол күндері әскери бөлімнің нақты міндеті алаңға жиналған жастарды Үкімет үйіне жақындатпау болғанын айтады.

«Біз қазақ жастарын Үкімет үйіне кіргізбеу үшін дубинкамен қуып жүрдік. Өзім біреуді ұрдым ба, жоқ па – есімде жоқ. Бірақ қалқанмен итеріп, ығыстырдық», - дейді ол.

Өзі де қақтығыс кезінде жарақат алғанын еске алады. Оның айтуынша, Таалайбек маңдайына мәрмәр тас тиіп, есінен танып қалған.

«МЕН ФАШИСТ ТЕ ЕМЕСПІН, МӘҢГҮРТ ТЕ ЕМЕСПІН»

Желтоқсаннан кейін бірнеше жыл өткен соң Таалайбек Ылайтегін өзіне берілген марапаттан бас тартқан.

Бұл шешімге қазақ зиялыларымен кездесуі және Желтоқсанға қатысқан жастарды ақтау жұмыстары себеп болған.

«Бұл марапаттың менде сақталуы дұрыс емес деп санадым. Мен – фашист те емеспін, мәңгүрт те емеспін», – деген болатын ол сол кезде.

1989 жылы ол Мұхтар Шахановтың бастамасымен құрылған комиссияның жұмысына көмектесу үшін арнайы хат жазып, Желтоқсан кезінде көрген-білгендерін баяндаған.

“1989 жыл болуы керек. Грамотаны қайтаруға және хат жазуға қазақ жазушыларымен болған әңгіме себеп болды. Мен олардан Желтоқсанға қатысқан жастарды ақтау мақсатында Мұхтар Шахановтың бастамасымен құрылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің комиссиясы дәлелдер мен арыздардың жетіспеуіне байланысты жабылуға жақын екенін естідім. Сол себепті Мұхтар ағаның ісіне көмектесу үшін жаздым”, - дейді ол.

«КӨК ЛЕНТА БАЙЛАҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ…»

Желтоқсан туралы сөз болғанда Таалайбек Ылайтегіннің есінде ерекше сақталған бір көрініс бар.

«Әлі күнге дейін сол қазақ жастары көз алдымнан кетпейді. Әсіресе, маңдайына көк лента байлаған қазақ қызы есімде қалып қойды», - дейді ол.

Бұл сөздер Желтоқсанның тек саяси оқиға ғана емес, мыңдаған адамның тағдырына әсер еткен үлкен тарихи драма болғанын көрсетеді.

Кеңес заманында билікті айыптап хат жазу өте қауіпті еді. Дегенмен, бұл батылдыққа бара білген Таалайбек Ылайтегін биліктен қысым көріп жүрсе де, дәл хат үшін ешкім мазаламағанын айтады.

«Сол жылдары мен Қаракөлде жастарды ұйымдастырып, белсенді болдым. Саяси істермен айналысқанмын. Соның салдарынан билікпен қақтығысып, алғашқы соққыларды алдым, жұмыстан шығарылдым, қысым көрдім. Сондықтан болар, бұл хатқа байланысты ешкім тікелей мазалаған жоқ», - дейді ол.

ЖЕЛТОҚСАННАН КЕЙІНГІ ҚУҒЫН-СҮРГІН

Желтоқсан оқиғасы күшпен басылған соң, оның қатысушыларына қарсы ауқымды қудалау басталды.

Мыңдаған адам ұсталып, тергеуге алынды. Жүздеген студент жоғары оқу орындарынан шығарылды. Көптеген азамат жұмыстан қуылды, комсомол және партия қатарынан аластатылды.

Көтеріліске қатысқандарға «ұлтшыл», «бүлікші», «тәртіп бұзушы» деген айыптар тағылды.

Сотталғандардың ішінде Қайрат Рысқұлбековтің тағдыры бүкіл елге мәлім болды. Ол өлім жазасына кесіліп, кейін жаза мерзімі өзгертілгенімен, түрмеде жұмбақ жағдайда қаза тапты.

“1992 жыл болуы керек, мені қазақ бауырлар Алматыға шақырды. Сол жерде Қайраттың анасымен таныстым, өте ақылды кісі еді. Мен саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Қайрат Рысқұлбековті құрметтеймін. Анасымен жолыққанымда жүрегім ауырды», - дейді Таалайбек Ылайтегін. 

Бүгінде тарихшылар Желтоқсан құрбандарының нақты саны мен қуғын-сүргін көлемі әлі толық анықталмағанын айтып келеді.

ЖЕЛТОҚСАН ЖӘНЕ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН САБАҚТАСТЫҒЫ

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын Қазақстан тарихындағы саяси қуғын-сүргіндерден бөліп қарауға болмайды.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық, Алаш арыстарының қуғындалуы, 1937–1938 жылдардағы жаппай репрессия қазақ халқының ұлттық санасына ауыр соққы болды.

Мыңдаған зиялы атылып, жер аударылды. Ұлттың саяси элитасы жойылды. Кеңестік жүйе ұлттық пікір мен еркін ойды тұншықтыруға тырысты.

Ал Желтоқсан көтерілісі сол ұзақ жылдарға созылған үнсіздікке қарсы шыққан жаңа буынның үні еді.

Сондықтан Желтоқсан құрбандарын еске алу – тек 1986 жылғы жастарды ғана емес, тоталитарлық жүйенің құрбаны болған тұтас ұрпақты еске алу деген сөз.

«ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ҰЛЫ КӨТЕРІЛІСІ»

Таалайбек Ылайтегін Желтоқсанды тек Қазақстан тарихының ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктің тағдырын өзгерткен оқиға деп есептейді.

Оның пікірінше, Желтоқсанға әлі толық саяси әрі тарихи баға берілген жоқ.

“КСРО адамзат тарихындағы соңғы 100 жылдағы ең тоталитарлық, моральға жат, өтірік пен орыс шовинизміне негізделген жүйе болды. Ол жүйеде басқа ұлттардың құқығы болған жоқ, адам «еңбек құралы» ретінде ғана қарастырылды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – жай ғана жастардың тәртіпсіздігі емес. Желтоқсан – сол құлаған кеңестік жүйеге соққы болған, миллиондаған орыс емес халықтың санасын оятқан Ұлы көтеріліс. Оны қазақ жастары жасады. Желтоқсанға әлі толық саяси да, тарихи да әділ баға берілген жоқ. Қазақ билігі мен белсенді азаматтар оның мәнін ашық айтуы керек. Мұны қырғыз, өзбек және басқа бауырлас халықтар да қолдап, оның тарихи орнын кейінгі ұрпаққа жеткізуі қажет. Алла қазақты қолдасын!” - дейді өткен күндерді еске алған Таалайбек Ылайтегін.

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн өткеннің қасіретін еске алып қана қоймай, тоталитарлық жүйенің қандай зардаптарға алып келетінін ұмытпау үшін қажет.

Желтоқсан оқиғасы – сол қасіретті тарихтың соңғы әрі ең маңызды тарауларының бірі. Алаңға шыққан жастар да, кейін қуғындалған азаматтар да тәуелсіздік жолында құрбан болды.

Ал Желтоқсанды басуға қатысқан сарбаздың өзі кеңестік биліктің әрекетін айыптап, алған марапатынан бас тартуы – тарихтың ең ауыр ақиқатының бірі.

Дана Нұрмұханбет

 

Пікірлер