15 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалады. Сенат заңды мақұлдады

87
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3rFQvD0jEVSg6xPIsEHy3V0ByZCXW6W7wfbjL5Kq.webp

Қазақстан Сенаты «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды “Адырна”.

Құжатты Парламент депутаттары бастамашылық етіп әзірлеген және қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған. Заң Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы бойынша дайындалған.

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық Қазақстандағы 15 мыңнан астам сотталған адамды қамтиды. Қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен және негізгі жазадан босатылады.

Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық қарастырылған. Оған сәйкес азаматтар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және заң консультанттары орындалмаған әкімшілік айыппұлдарды төлеуден босатылады.

Алайда заңның күші терроризм және экстремизм қылмыстары, сыбайлас жемқорлық, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысу, азаптау, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталғандарға, сондай-ақ қайталама қылмыс жасағандарға, өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға және сырттай сотталғандарға қолданылмайды.

Алдын ала есептеулер бойынша, заңның күші 15,3 мыңнан астам адамға таралады. Оның ішінде шамамен 4,5 мың адам жазадан толық босатылса, тағы 10,8 мың адамның жаза мерзімі немесе жаза көлемі қысқартылады.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев рақымшылық қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін құқық бұзушылықтарға қатысты қолданылатынын атап өткен еді.

Пікірлер