Солтүстіктегі Бірлік ауылында 22 жастағы тұрғынның 67 жастағы әкесіне күш қолданғаны туралы дерек тіркелді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Жеті арнаның ақпаратына сәйкес, оқиға кезінде мас күйде болған жігіт өз әрекетін ұялы телефонға түсіріп, кейін бейнежазба әлеуметтік желілерде тараған. Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар азаматтарды анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізді.
Полиция департаментінің мәліметінше, егде жастағы ер адам ұлына қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеген. Сондай-ақ оның денесінен көзге көрінетін жарақат белгілері анықталмаған және сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары күдіктіні тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша жауапқа тарта алмады. Дегенмен, оның әрекеттерінен қоғамдық тәртіпті бұзу белгілері анықталып, балағат сөздер айтып, бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен құқық бұзушы бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұдан бөлек, ол ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылып, қорғау нұсқамасы шығарылды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, нұсқама талаптарын бұзған жағдайда азаматқа қатысты қосымша шаралар қолданылып, қайта қамауға алу мүмкіндігі қарастырылады.
Мүгедектікке шығудың құны қанша? Пара бермесең, балаңды комиссия «сау» деп тауып, жәрдемақыдан айырады...
