"Оқуға түсіремін" деп талапкерді алдаған қызметкер сотталды

122
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dyXURkkt2rKEvPa09aEKcSkCbRvxkywiEy8lqzzL.jpg

Астанада жоғары оқу орындарының бірінің қызметкері талапкерлерді заңсыз жолмен оқуға түсіремін деп алдап, 18 азаматтан ақша алғаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Тергеу және сот материалдарына сәйкес, сотталған азамат университетке қабылдауға «көмектесемін» деген желеумен қылмыстық схема ұйымдастырған. Ол жалған мөрлер мен қолдан жасалған құжаттарды пайдаланып, талапкерлердің сеніміне кіріп, оларды белгіленген қабылдау рәсімінен тыс жоғары оқу орнына оқуға түсіре алатынын айтып сендірген

Осылайша 18 талапкерден әрқайсысынан 600 мыңнан 900 мың теңгеге дейін ақша алып, заңсыз иемденген.

Басты сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының қызметтік жағдайын пайдалана отырып бірнеше рет алаяқтық жасағанын, сондай-ақ жалған ресми құжаттар мен мөрлер дайындап, пайдаланғанын дәлелдеді.

Сот үкімімен айыпталушы 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген. Сонымен қатар қылмыстық әрекеттен келтірілген материалдық залал сотталған азаматтан өндірілді.

Прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырып, жоғары оқу орындарына түсу мәселелері бойынша тек ресми ақпарат көздеріне және білім беру ұйымдарының заңды қабылдау рәсімдеріне ғана жүгінуге кеңес берді.

Пікірлер