ҰБТ сертификатына қатысты үндеу жасалды

214
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hMqkPZWocHQqrcYkqKGhkq1pRwzAWa4tclgyMqYK.webp
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлер мен олардың ата-аналарына ҰБТ сертификатына қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды "Адырна".

Орталықтың 25 маусымдағы мәліметінше, ҰБТ сертификатын қолдан жасау мүмкін емес.

"Әрбір сертификатта оның түпнұсқалығын бірден тексеруге мүмкіндік беретін бірегей QR-код бар. Сонымен қатар ҰБТ сертификаты ресми құжат болып саналады және оны қолдан жасау Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады", – деп мәлімдеді Ұлттық тестілеу орталығы.

Ведомство өкілдері сертификатты қолдан жасауға қатысты барлық әрекет құқық қорғау органдарына жолданып, заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.

Сондай-ақ талапкерлер мен олардың ата-аналарына ҰБТ сертификатын app.testcenter.kz сайтындағы жеке кабинеттен, certificate.testcenter.kz порталынан және eGov электрондық үкіметі арқылы алуға болатыны еске салынды.

Бұдан бөлек, Ұлттық тестілеу орталығы емтихан кезінде микроқұлаққаптар, жасырын камералар және ақпаратты жасырын түрде алуға арналған өзге де арнайы техникалық құралдарды пайдаланудың заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.

"Құрметті талапкерлер! Заңды бұзуға бағытталған кез келген әрекеттен бас тартуға шақырамыз. Адал еңбек пен әділдік сіздерді әлдеқайда үлкен жетістікке жеткізетініне сенімдіміз", – делінген орталықтың үндеуінде.

 

Пікірлер