Қостанай облысы агроөнеркәсіп саласына инвестиция тартуды күшейтуде

13
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/16MQbTTwWfWJYTJpXnmjAnIzq9ARrqAJszrPuyMi.jpg

Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Өңірде өндірістік қуаттарды арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жобалар қолға алынған.

Соңғы жылдары облыстың агросекторына инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жалпы құны 84 млрд теңгені құрайтын 144 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 980 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың өзінде 26,2 млрд теңге көлеміндегі 33 жоба пайдалануға берілді.

Іске қосылған жобалардың негізгі бағыттары – өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын салу, суармалы егіншілікті дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Әрбір ірі жобаның құны 1 млрд теңгеден асады.

Сүтті мал шаруашылығы саласында жалпы инвестиция көлемі 16,4 млрд теңгені құрайтын төрт жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 3,3 мың басқа арналған заманауи мал шаруашылығы кешендері іске қосылып, шамамен 140 жұмыс орны құрылды. Жаңа кәсіпорындардың жылдық өндірістік қуаты 27,2 мың тонна сүтті құрайды. Бұл өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Суармалы егіншілікті дамыту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын екі жоба аясында 1,5 мың гектар жер суармалы алқапқа айналды. Бұл су үнемдеу технологияларын енгізуге және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға жол ашты.

Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған өндірістер дамуда. Инвестиция көлемі 1,1 млрд теңгені құрайтын ет-сүйек ұнын өндіру цехы іске қосылды. Бұл саладағы қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.

Сүт өндірісін дамытуға басымдық берілуде

Қостанай облысында сүтті мал шаруашылығын дамыту негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 49 млрд теңге қарастырылып, оның 37,8 млрд теңгесі жылына 80 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін 13 сүт-тауар фермасын салуға бағытталды.

Қазіргі уақытта жылдық қуаты 46 мың тонна сүт өндіруге жететін жеті ферма іске қосылды. Бұл кешендерде 5,7 мың бас ірі қара мал өсірілуде. Жобалар кезең-кезеңімен толық қуатына шығарылады.

Бағдарлама аясында биыл тағы да бірқатар жобаларды қаржыландыру жоспарланған. Оның ішінде «Халық Агро KST» серіктестігінің 5,2 мың тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймасын салу жобасы бар. Жобаның құны – 1,2 млрд теңге.

Сондай-ақ «Қостанай Осетр» серіктестігі форель өсіру және өңдеу цехын салу жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорын жылына 50 тонна өнім өндіруге мүмкіндік алады.

Жаңа өндірістер мен ірі жобалар жүзеге асырылады

Алдағы жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасына сәйкес, 2026–2028 жылдары облыста жалпы құны 553 млрд теңге болатын 42 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

2026 жылы құны 35 млрд теңге болатын алты жобаны іске қосу көзделген. Оның ішінде бес сүт-тауар фермасы пайдалануға беріліп, өңірдегі сүт өндірісінің көлемі артады. Сонымен қатар «Баян Сұлу» акционерлік қоғамының «Кондитерлік астана» жобасы жүзеге асырылмақ.

Жоба аясында кәсіпорынның кондитерлік өнім шығару көлемі жылына қосымша 16 мың тоннаға ұлғайып, 260 жаңа жұмыс орны ашылады. Толық қуатына шыққаннан кейін өндіріс көлемі жылына 68 мың тоннаға жетеді.

Келер жылы облыста жалпы құны 49,1 млрд теңге болатын екі ірі өңдеу жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бейімбет Майлин ауданында астық пен майлы дақылдарды сақтау және өңдеу кешені, сондай-ақ көкөніс қоймасы бар көлік-логистикалық орталық салынады. Жобаның құны – 10 млрд теңге.

Лисаков қаласында құны 39,1 млрд теңге болатын май экстракциялау зауыты бой көтереді. Кәсіпорын күнбағыс пен рапсты өңдеп, жылына 174 мың тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу күшейеді

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған стратегиялық жобалар да жүзеге асырылуда.

Бейімбет Майлин ауданында «Qostanai Grain Industry» серіктестігі астықты терең өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында 187 гектар жер бөлінген. Кәсіпорын іске қосылған кезде 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт жылына 415 мың тонна астық өңдеп, глютен, крахмал, аминқышқылдары, биоэтанол және басқа да өнімдер өндіреді.

Сонымен қатар Рудный қаласында құны 100,5 млрд теңге болатын қант зауытын салу жоспарланған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 мың тонна қант өндіруге мүмкіндік береді.

Федоров ауданында жылына 50 мың тонна құс етін өндіретін заманауи құс фабрикасын салу көзделген. Жобаның инвестициялық құны – 66,3 млрд теңге. Жаңа өндіріс ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Осылайша Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға бағытталған кешенді инвестициялық саясат жүзеге асырылуда. Жаңа өндірістердің іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және өңір экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Пікірлер