Қазақстаннан Қытайға 2,6 мың литрден астам дизель отынын заңсыз алып өтпек болған әрекетке тосқауыл қойылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Қазақстаннан дизель отынын заңсыз алып өтпек болғандар ұсталды
Оқиға өткен аптада «Майқапшағай» кеден бекетінде тіркелген. Қазақстаннан Қытайға бет алған бос жүк көліктерін кедендік тексеру барысында Қытай азаматтары басқарған төрт жүк көлігінен зауыттық құрылымда қарастырылмаған, жанар-жағармайды жасырын тасымалдауға арналған қосымша отын бактары анықталған.
Тексеру нәтижесінде заңсыз шығарылмақ болған дизель отынының жалпы көлемі шамамен 2 640 литрді (2 тоннадан астам) құрады.
Ведомствоның мәліметінше, бұл отын гуманитарлық көмекке, ғылыми мақсаттағы сертификатталған сынамаларға немесе көліктің стандартты жанармай багындағы көлемге жатпайды. Сондықтан бұл әрекет Қазақстанда қолданыстағы жанар-жағармай өнімдерін шығаруға қойылған тыйымды бұзу ретінде бағаланып отыр.
Қытайдың төрт азаматы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрқайсысына 32 437,5 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Құқық бұзушылыққа қатысты жиналған барлық материалдар, оның ішінде тексеру хаттамалары, түсініктемелер мен фотоматериалдар, процессуалдық шешім қабылдау үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.
