Жапонияның оңтүстігіндегі Кумамото префектурасында магнитудасы 7,1 болатын күшті жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Табиғи апат салдарынан мыңдаған тұрғын жарықсыз қалып, жолдар мен көпірлер зақымданды, кемінде 50 адам жарақат алды. Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 16:27-де Кюсю аралының аумағында болды. Осыған байланысты 150 мыңнан астам тұрғынға эвакуациялық пункттерге көшу туралы нұсқау берілді.
Бастапқыда цунами қаупіне байланысты ескерту жарияланғанымен, бір сағаттан кейін оның күші жойылды.
Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаичи қазіргі уақытта адам шығыны мен келтірілген залалдың нақты көлемі анықталып жатқанын хабарлады.
«Қазір жараланғандар туралы ақпарат келіп түсуде. Бірқатар ауданда электр қуаты өшіп, өрттер тіркелді. Сондай-ақ жолдар мен көпірлер зақымданып, кейбір ғимараттар құлады», – деді үкімет басшысы.
Жапонияның NHK телеарнасының мәліметінше, ауруханалардың біріне 50-ден астам зардап шеккен адам жеткізілген. Сонымен қатар жоғары жылдамдықты пойызда болған бірнеше адамның жарақат алғаны хабарланды.
Табиғи апат салдарынан негізгі автожолдарда, оның ішінде жол өткелдерінде ірі жарықтар пайда болған. Жүк пойызы рельстен шығып кеткен. Теміржол қатынасы уақытша тоқтатылып, бірқатар әуе рейсі кейінге қалдырылды.
