«Әділет» штабы Ақмолада бизнес, білім және инфрақұрылымды дамыту жоспарын ұсынды

120
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HD4oVJX63I0p5940QLPGzZQaJSTjGBFIuDhJcQZy.jpg
  1.  
  2.  

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы мүшелері Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, Көкшетаудағы «Bolashaq» сарайында кәсіпкерлермен, педагогтермен және қоғам өкілдерімен кездесті. Жиында Құрылтай депутаттығына кандидаттармен бірге партия жетекшісі Айбек Дәдебай да болды, деп хабарлайды «Адырна».

Кездесу барысында өңірлерді дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс ортаға салынды. Соның ішінде кәсіпкер Индира Нұрлан өнеркәсіпті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды бірыңғай цифрлық платформаға біріктіруді ұсынды. Оның пікірінше, «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін мұндай жүйе арқылы кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау тетіктері туралы толық ақпарат алып, өтінім беріп, оның қаралу кезеңдерін онлайн бақылай алады.

Білім беру мәселесіне тоқталған колледж оқытушысы Нұржамал Оспанова цифрлық экономиканың сұранысына сай мамандар даярлау ісін мектеп қабырғасынан бастауды ұсынды. Оның айтуынша, оқушылардың жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгеруіне жағдай жасап, ал колледждерде робототехника мен цифрлық инженерия бағыттарын күшейту қажет.

Басқосуға жиылғандар қалаларды дамыту мен экология тақырыптарын да айналып өтпеді. Урбанист Расим Хамитов елдімекендерді көгалдандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарға жайлы орта құруға бағытталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

«Біз партияның экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Бұл бағдарлама жай ғана экологиялық акция емес, ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды», – деді Расим Хамитов.

Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы партия бағдарламасындағы экологиялық бастамаларға тоқталды. Бағдарламада еліміздегі орман алқаптарын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайту, сондай-ақ жаңартылатын және таза энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай кемінде 15 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу жоспарланған.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты кандидат Юлия Кучинскаяның айтары бар. Оның сөзінше, бағдарламада жолдар, жылу және су желілері сияқты маңызды инфрақұрылымдарды жаңарту бойынша нақты міндеттер қарастырылған.

«Еліміз бойынша 86 мың шақырым инженерлік желі салынып, қайта жаңғыртылады. Бұл олардың орташа тозу деңгейін қауіпсіз деп саналатын 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2029 жылға дейін республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жол жөнделіп, жергілікті және аудандық жолдардың нормативтік талапқа сай үлесі 95 пайызға дейін жеткізіледі», – деді Юлия Кучинская.

Кездесуде өнеркәсіп, туризм және цифрлық экономика салаларындағы кадр тапшылығы мәселесі де сөз болды. Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Каринова білім беру мен жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жоспарларды таныстырды.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында балабақшаларда 79 мыңнан астам жаңа орын ашу, ал мектептерде 300 мың оқушыға арналған жаңа орын пайдалануға беру көзделген. Колледждерде жастар екінші жұмысшы мамандығын тегін меңгере алады. Жыл сайын шамамен 40 мың жас жұмыспен қамту бағдарламасына қатысады», – деді ол.

Жиынды қорытындылаған республикалық сайлауалды штаб өкілдері өңірлердегі кездесулер барысында азаматтардың Мемлекет басшысы қолға алған реформалар мен конституциялық өзгерістерді қолдайтыны байқалғанын айтты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты партияның бастамаларына тоқталды.

«Бүгінде өңірлерді дамыту Мемлекет басшысының назарында. Біздің міндетіміз – әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, олардың дамуын қамтамасыз ету, жергілікті жерлердің өкілеттігін кеңейту және адамның қай жерде тұратынына қарамастан лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Облыс орталықтарына өңірлердің дербес экономикалық, білім беру және әлеуметтік орталықтары ретінде басым қолдау көрсетіледі. Фермерлер үшін жеңілдетілген қаржыландыруға, ал қайта өңдеу кәсіпорындары үшін заманауи агротехнологиялар мен ветеринарлық қызметтерге қолжетімділік кеңейтіледі. Бұл қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек өндіруге, жаңа кәсіпорындар ашуға және өңірлерде жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», – деді штаб мүшелері.


Кездесу соңында тұрғындардан түскен ұсыныстардың барлығы партияның «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бағыты бойынша алдағы жұмысына енгізілетіні айтылды.

«Біз өңірлерге дайын жауаптармен келмейміз. Тыңдап, естіп және бірге шешім іздеу үшін келеміз. Бүгін айтылған барлық ұсыныс пен ескерту – алдағы жұмысымыздың басты бағдары», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.

Айта кетейік, республикалық сайлауалды штаб өкілдері осы апта бойы еліміздің түрлі өңірлерінде сайлаушылармен кездесулер өткізуде. Бұған дейін олар Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды және Ұлытау облыстарында болды.

Дайындаған: 

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Пікірлер