Путин Курильдегі Итурупқа барды. Жапония наразылық білдірді

96
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lYK49txsQcl7y5nUPKikPa7XrSk7PrMw6lpq8pai.avif

Ресей президенті Владимир Путин Куриль аралдарындағы Итуруп аралына барды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ға сілтеп.

Жапония Ресей басшысының сапарына байланысты наразылық білдірді. Путин Итуруп аралындағы «Ясный» балық өңдеу комбинатына, Куриль орталық аудандық ауруханасына және мектепке барды. Сонымен қатар Сахалин облысының губернаторы Валерий Лимаренкомен кездесті.

Бұл – Владимир Путиннің Куриль аралдарына президент ретінде жасаған алғашқы сапары. Бұған дейін 2010 жылы Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев Итурупқа барған. Кейін ол премьер-министр қызметінде жүрген кезінде де Куриль аралдарына бірнеше рет сапар жасаған. 2021 жылы Итурупқа Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин барған.

Токио Ресей президентінің сапарына байланысты қатаң наразылық білдірді. Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити бұл сапардың Жапония мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер еткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Куриль аралдарының оңтүстік бөлігі Жапония үшін тарихи және халықаралық құқық тұрғысынан маңызды аумақ саналады.

«Бұл жапон халқының сезіміне нұқсан келтіреді және мүлдем қабылданбайды», – деді Такаити.

Жапонияның сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэги де Ресей тарабына ресми наразылық білдірді. Ол Итурупты қоса алғанда, Жапония «Солтүстік аумақтар» деп атайтын аралдар тарихи және халықаралық құқық тұрғысынан Жапонияның ажырамас бөлігі екенін хабарлады. Куриль аралдарының оңтүстік бөлігі – Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аралдары – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес Одағының бақылауына өтті. 1956 жылы Кеңес Одағы мен Жапония бірлескен декларацияға қол қойып, бейбіт келісім жасалғаннан кейін Шикотан мен Хабомаи аралдарын Жапонияға беру мүмкіндігін қарастырған.

Алайда кейін екі ел аралдардың мәртебесіне қатысты ортақ келісімге келе алмады. Осыған байланысты Ресей мен Жапония арасында Екінші дүниежүзілік соғысты ресми түрде аяқтайтын бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қойылған жоқ.

Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Жапония Ресейге қарсы халықаралық санкцияларға қосылды. Бұдан кейін Мәскеу Токиомен бейбіт келісім бойынша келіссөздерді тоқтатты. Сонымен қатар Ресей жапон азаматтарының Куриль аралдарына визасыз бару тәртібін жойып, аралдардағы бірлескен шаруашылық қызмет жөніндегі диалогтан шықты.

Пікірлер