«Абай ұлттық мектебі» төңірегіндегі дау. Түлектер неге алаңдайды, министрлік не дейді?

171
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/bhBsFsmikqU81SOJjjxjSsw3iJCjkglD42IzBS6b.jpg

Қазақстандағы ұлттық мәртебеге ие жалғыз білім ордасы – «Абай ұлттық мектебі» жаңа оқу жылын бірқатар мәселемен бастады. Мектептің басшылығына қатысты жағдай, оқу процесінің ұйымдастырылуы, жаңа ғимараттағы инфрақұрылым мәселелері және мемлекеттік аудит қорытындысы қоғам назарын аударып отыр.

Мектеп түлектері мен Қамқоршылық кеңесі білім ордасындағы ахуалға алаңдауда.

«МЕКТЕПТЕ ДИРЕКТОР ЖОҚ»

Мектептің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, «Абай» мектебінің түлегі Дулат Тастекей 1 қыркүйек күні әлеуметтік желідегі жазбасында білім ордасындағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.

«Бұл – «Абай ұлттық мектебі». Қазақстандағы ұлттық мәртебеге ие жалғыз білім ордасы. Абай есімі берілген қасиетті қарашаңырақ.

Бірақ бүгін бұл мектепте директор жоқ. 7 шілдеден бері басшы тағайындалмаған. Жаңа оқу жылы сабақ кестесінсіз басталды. Кейбір сыныптар толық жасақталмады», – деп жазды ол.

Оның айтуынша, оқушыларды резервтен қабылдау дер кезінде ұйымдастырылмағандықтан, кейбір балалар басқа мектептерге кетіп қалған.

Сондай-ақ, ол  интернаттағы тәрбиешілердің жетіспеушілігін және жаңа жатақхананың әлі толық аяқталмағанын да көтерді.

«Жаңа жатақхана әлі аяқталған жоқ. Шамамен 10 миллиард теңгеге салынған жаңа ғимаратта да ыстық су, асхана, суару жүйесі, құжаттандыру сияқты шешілмеген мәселелер бар. Жаңадан отырғызылған ағаштардың шамамен 80 пайызы қураған», – деді мектеп түлегі.

Тастекей мектеп аумағындағы Мемлекеттік Тудың жағдайына да назар аударған.

«Ал ұлттық мектепте Мемлекеттік Тудың бір айға жуық уақыт жыртық күйде тұруы – сөзбен айтып жеткізгісіз жағдай», – деп жазды ол.

Қамқоршылық кеңесінің төрағасы бұл мәселелерді мектепке келген министрлік өкілдеріне жеткізгенін айтты.

Сондай-ақ, ол Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға бірқатар сауал жолдап, нақты нәтиже күтетінін жеткізді.

«Жұлдыз Сүлейменова ханым, бізге дау емес, нақты нәтиже керек.

Қазақстандағы жалғыз ұлттық мектеп неге екі ай бойы басшысыз отыр? Неліктен бұл мектепте директорлар тұрақтамайды? Неліктен оқу жылының алғашқы күнінде қарапайым ұйымдастыру мәселелері шешілмейді? Неліктен ұстаздар жүйедегі кемшіліктің зардабын тартуы керек?» деп жазды Тастекей.

Ол екі апта ішінде өзгеріс болмаса, мектеп түлектері үнсіз қалмайтынын да ескертті.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Оқу-ағарту министрлігі мектепке қатысты жарияланған сын-пікірлерге жауап беріп, мәселелердің Орта білім комитетінің бақылауында екенін мәлімдеді.

«Ең алдымен, мектеп басшысыз қалған жоқ. Қазіргі уақытта директордың міндетін атқарушы белгіленген, білім беру процесінің үздіксіздігі қамтамасыз етілді», – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, мектептің бұрынғы басшылығы 2026 жылғы мамыр-маусым айларында жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит аяқталғаннан кейін өз еркімен қызметтен кеткен.

Ал тұрақты директорды тағайындаудың әзірге мүмкін болмай отырғанын министрлік заңнамадағы өзгерістермен түсіндіреді.

«Тұрақты директорды тағайындау мәселесі 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңның талаптарына байланысты қарастырылуда», –  деп түсіндірді министрлік.

Ведомствоның айтуынша, заңның 89-бабына сәйкес мемлекеттік заңды тұлғалардағы басқарушылық лауазымдарға қабылдау тек конкурс арқылы жүзеге асуы тиіс.

«Қазіргі уақытта тиісті қағидалар бекітілу рәсімінен өтуде. Олар күшіне енгенге дейін Министрліктің конкурс өткізуге немесе тұрақты директорды тікелей тағайындауға құқықтық негізі жоқ. Конкурстан тыс тағайындау заң талаптарын бұзады», –  делінген ресми жауапта.

Министрлік тиісті қағидалар күшіне енгеннен кейін директордың бос лауазымына ашық конкурс жарияланатынын мәлімдеді.

10,8 МЛРД ТЕҢГЕ:  АУДИТ НЕ АНЫҚТАДЫ?

Мектепке қатысты пікірталастың ең маңызды бөлігі – мемлекеттік аудит қорытындысы.

Министрліктің мәліметінше, аудит 2023 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыған. Тексеру нәтижесі 9 шілдеде министрліктің ресми ресурсында жарияланған.

Министрлік аудит барысында 10,8 миллиард теңгеден астам заң бұзушылық анықталғанын хабарлады.

«Аудит қорытындысы бойынша 10,8 млрд теңгеден астам заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 10,4 млрд теңге қаржылық бұзушылықтарға жатады», – деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі.

Ресми ақпаратқа сәйкес, 10,2 миллион теңге бюджетке қайтарылуы, ал 10,4 миллиард теңге қалпына келтірілуі тиіс. Сонымен бірге 370,6 миллион теңге көлемінде рәсімдік бұзушылық анықталған.

Министрлік аудит нәтижесі бойынша құқық қорғау органдарына шешім қабылдау үшін төрт материал жолданғанын хабарлады. Одан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 айыппұл салуға қатысты құжаттар жіберілді. Бұл ретте министрлік нақты тұлғалардың кінәсі әзірге анықталмағанын атап өтті.

Алайда мектеп түлектерінің бірі аудит қорытындысына қатысты министрлікпен келіспейтін пікір білдірген.

Оның айтуынша, балансқа толық өткізіліп үлгермеген мүлік сияқты мәселелер де аудит барысында заң бұзушылық ретінде көрсетілген болуы мүмкін.

Сондықтан 10,8 миллиард теңге көлеміндегі көрсеткіштің қоғамға қалай ұсынылғаны туралы сұрақ туындап отыр.

Бұл пікір бойынша нақты баға беру үшін аудит актісіндегі әрбір тармақты жеке-жеке қарау қажет. Өйткені қаржылық, рәсімдік және қалпына келтіруге жататын сомалардың құқықтық табиғаты әртүрлі болуы мүмкін.

Мектеп төңірегінде министрлік басшылыққа «өзіне жақын адамды» тағайындауға тырысып жатыр деген алаңдаушылық та айтылды.

Алайда қазіргі уақытта бұл пікірді растайтын ресми дәлел жарияланған жоқ.

Министрлік, керісінше, тұрақты директордың ашық конкурс арқылы тағайындалатынын мәлімдеп отыр.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта мектепте бірнеше жауапты тұлға жұмыс жүргізіп жатыр.

«Қазіргі уақытта Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары Елнар Сабыр және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Гүлшат Мұхтарханова «Абай ұлттық мектебінде» жұмыс жүргізуде», — делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері мектептегі оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар ведомство ата-аналарды, педагогтерді, оқушыларды және мектеп түлектерін тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырды.

«Осыған байланысты ата-аналарды, педагогтерді, оқушыларды және мектеп түлектерін ресми ақпаратқа сүйенуге, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырамыз», – деді министрлік.

 

Пікірлер