Владивосток қаласында өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстандс атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Бұл туралы бүгін, 3 қыркүйекте Атом энергиясы жөніндегі агенттік жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Құжатқа «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ қол қойған.
Келісімшартқа қол қою рәсімі Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёвтың қатысуымен өткен.
Келісімшартқа қол қою Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасының жаңа практикалық кезеңге өткенін білдіреді. 2026 жылғы 28 мамырдағы үкіметаралық келісімге сәйкес, тараптар белгіленген рәсімдерді, соның ішінде Қазақстан Үкіметімен қажетті келісуді жүзеге асыруға кіріседі.
«АЭС жобасын іске асыру ел үшін стратегиялық маңызға ие. Экономиканың, өнеркәсіптің, инфрақұрылымның, цифрландырудың және жасанды интеллектінің дамуына байланысты Қазақстанның сенімді әрі тұрақты электр энергиясына деген қажеттілігі кезең-кезеңімен арта түседі»,– делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі алғашқы атом электр станциясы Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы маңында салынады. Оған «Балқаш» деген атау берілген болатын. АЭС салу туралы шешім 2024 жылғы 6 қазанда өткен жалпыұлттық референдумда қабылданған.
