XXI ғасыр - үлкен деректер (Big Data), жасанды интеллект (ЖИ) және нейрожелілер үстемдік құрған заман. Бүгінде технология тек өндіріс пен қаржы секторын ғана емес, адамзаттың өткенін зерттейтін гуманитарлық ғылымдардың да трансформациялануына әсер етті.
Әлемдік ғылымда Цифрлық гуманитаристика бағыты трендке айналып, тарихшылар тек мәтін оқумен шектелмей, нейрожелілер арқылы көне қолжазбаларды тану, ЖИ көмегімен архивтерді талдау және цифрлық модельдер жасау өнерін меңгеруде.
Қазіргі таңда мемлекеттің цифрлық кемелдігі тек мемлекеттік қызметтердің сапасымен емес, оның өз мәдениеті мен ұлттық жадын қалай цифрландыратынымен өлшенеді. Дәл осы үрдісті осыдан 30 жыл бұрын болжап, Қазақстанда тарих ғылымын кодтар мен алгоритмдер тіліне көшірген бірегей ғалым бар. Ол - отандық ғылымда нағыз пәнаралық төңкеріс жасап, қазақстандық тарихи информатика және квантитативті тарих мектебінің негізін қалаған тарих ғылымдарының докторы, профессор Сауле Аукеновна Жакишева.
Сауле Аукеновна ғылымдағы бірегейлігі оның пәнаралық іргетасынан бастау алады. Ол 1978 жылы Қазақ политехникалық институтының автоматика және есептеу техникасы факультетін «инженер-электрик» мамандығы бойынша бітіріп, кеңестік АТ саласындағы мансапқа қадам басқан болатын. Алайда ұлттық тарихқа деген қызығушылығы жеңіп, 1987 жылы сол кездегі Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетінің түлегі. Дәл осы техникалық және гуманитарлық білімнің синтезі оған архивтік құжаттардың үлкен массивтері механикалық оқуды емес, жүйелі компьютерлік талдау мен математикалық өңдеуді талап ететінін алғашқылардың бірі болып көруге мүмкіндік берді.
Тәуелсіз Қазақстанда мұндай жаңа ғылыми мектепті қалыптастыру консервативті көзқарастарға қарсы үлкен қажырлылықты талап етті. 1991 жылдан бастап Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында іргелі ғылыми бағдарламаларды жасауға кірісті. 1992 жылы ол «Тарих және компьютер» халықаралық қауымдастығының қазақстандық бөлімшесін басқарып, отандық зерттеулерді әлемдік деңгейге шығарды. Ал 2010 жылы қорғалған «Қазақстандағы тарихи информатика: теориясы, тарихнамасы, әдістемелері мен технологиялары» атты докторлық диссертациясы бұл бағыттың елдегі дербес әрі заңды ғылыми бағыт ретіндегі мәртебесін біржола бекітті.
Тарихи информатика жай ғана мәтіндерді оқып, оларды цифрлық форматқа көшіру емес, ол тарихи шындықты қалпына келтірудің қуатты құралы болып табылады. Кеңестік насихат қазақ даласындағы қасіреттердің нақты ауқымын жасырып келсе, профессор Жәкішева цифрлар мен алгоритмдердің кез келген бұрмалауға қарсы тұра алатын ең бейтарап куәгер болатынын дәлелдеді.
Сонымен қатар, саяси репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегийн мемлекеттік комиссияның республикалық жұмыс тобының мүшесі ретінде ол просопографияның озық әдістерін қолдана отырып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивтеріндегі жабық қорларды жүйелі электронды базаға айналдырды. Ғалым өзінің «Элиминация байских хозяйств в Казахстане на рубеже 20-30-х гг. ХХ века: новые подходы, методы и технологии» атты іргелі монографиясында кәмпескеленген бай шаруашылықтарының тізімдерін, көші-қон бағыттарын, тартып алынған мүлік пен қазақ ауылының экономикалық геноцид ауқымын компьютерлік модельдер арқылы қайта жаңғыртты. Цифрлық алгоритмдер Алаш-Орда зиялылары мен жойылған байлардың мыңдаған анкеталарын талдап, қазақ ұлтының беткеұстар тұлғаларының қалай жойылғанының дәл математикалық моделін құруға мүмкіндік берді.
Сауле Аукеновнаның зерттеулері тек қасіретті жылдармен шектелмейді. Ол өз еңбектерінде қазақ халқының дәстүрлі көшпелі мәдениетінің бірегей қоныстары мен нысандарын заманауи геоақпараттық технологиялар (ГИС карталары) арқылы модельдеуді қолға алды. Оның «Қазақ халқының тарихи-мәдени атласы» ұжымдық еңбек аясында жасаған карталары мен зерттеулері - тарихымызды кеңістік пен уақыт өлшемінде визуалды түрде дәл бейнелейтін құнды дүниелер. Ғалым жалпы саны отандық, жақын және алыс шет елдердегі 230-дан астам ғылыми мақала мен зерттелулердің, 6 монография және 10-нан астам мультимедиялық оқу құралдарын жарыққа шығарған.
Қазіргі ЖИ мен цифрлық трендтер дәуірінде Сауле Жакишеваның көпжылдық зерттеулері мен әдістемелері мемлекеттік архивтерді сапалы цифрландырудың, репрессиялардың интерактивті карталарын жасаудың және сыртқы бұрмалаулардан қорғалған шынайы цифрлық тарихты қалыптастырудың дайын негізі болып табылады.
Қазіргі уақытта ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры ретінде «6В02205-Тарих» білім беру бағдарламасында «Клиометрика» курсының авторы ретінде, тарихи талдау мен АТ-құралдарды қатар меңгерген жаңа буын мамандарын қалыптастыруда, оның жетекшілігемен қорғалатын әр дипломдық жұмыс ғылыми нәтежеден бөлек, инновацяларға толы.
Бүгінгі таңда тарих бойынша білім алушылар архив құжаттарын, ескі қолжазбаларды қолданумен шектелмеуі тиіс. Жасанды интеллект пен Big Data дәуірі тарих ғылымының алдына мүлдем жаңа міндеттер қойып отыр. Қазіргі заман зерттеушілері үшін іргелі тұжырымдар мен дағдыларды қалыптастыру - уақыт талабы. Тарихшы тек гуманитарлық әдістерді ғана емес, математикалық модельдеуді, статистиканы және мәліметтер қорымен жұмыс істеуді меңгеруі тиіс. Онсыз миллиондаған құжаттарды жүйелеу мүмкін емес. Қазіргі зерттеушіге геоақпараттық жүйелермен (ГИС) жұмыс істеу, тарихи карталарды визуалдау және архив деректерін кодқа айналдыру қабілеті қажет. Интернет кеңістігіндегі ақпараттық қақтығыстар мен тарихты бұрмалау әрекеттеріне тек нақты математикалық дәлдік пен алгоритмдік талдау ғана тосқауыл қоя алады.
Қазақстан тарих ғылымында бұл қажеттіліктер мен тұжырымдарды осыдан отыз жыл бұрын көре білген профессор Сауле Жакишеваның еңбегі - бүгінгі жаңа буын зерттеушілері үшін дайын бағдаршам. Оның қалыптастырған мектебі тарихты субьективті пайымдаулардан құтқарып, оны нақты сандар мен бұлтартпас фактілер сөйлейтін дәл ғылымдар деңгейіне көтерді.
Бүгінгі тарихшыларға қажетті жаңа концептуалды бағыт Сауле Аукеновна салған сара жолды жалғастыру, яғни ұлттық жадты АТ-трендтермен үндестіру. Заманауи АТ-құралдарды меңгеру - бүгінгі тарихшы үшін таңдау емес, тарихи шындықты қорғаудың жалғыз жолы және басты міндеті.
Қолмен басқарудан ойланып басқаруға көшу: Неліктен Қазақстанға мемлекеттік зияткерлік реформасы қажет
