Елімізде 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексінің негізгі нормалары күшіне енді. Құжат құрылыс саласын толық цифрландыруды, мемлекеттік бақылауды күшейтуді, заңсыз құрылыстың алдын алуды және тұрғын үй сапасына қойылатын талаптарды қатаңдатуды көздейді. Сондай-ақ үлескерлердің қаражатын қорғаудың жаңа тетіктері енгізіліп, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар күшейтілді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 9 қаңтарда қабылданған жаңа Құрылыс кодексі құрылыс саласындағы барлық процесті – жоспарлаудан бастап нысанды пайдалануға беру және кейін кәдеге жаратуға дейінгі кезеңді кешенді түрде реттейді. Кодекстің негізгі мақсаты – құрылыс саласын басқаруды ашық әрі тиімді ету, объектілердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ құрылыс рәсімдерін цифрландыру.
Министрлік мәліметінше, кодекстегі басты жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қала құрылысы кадастры арқылы цифрлық бақылау енгізілуі. Бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес келмейтін құрылысқа рұқсат берілмейді. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныстарын ескеру үшін қала құрылысы жобаларын қоғамдық талқылау міндеттеледі.
Бұдан бөлек, тұрғын үй сапасына қойылатын кепілдік мерзімі ұлғайтылды. Енді құрылыс объектілеріне кемінде бес жыл, ал көтергіш конструкциялар, шатыр мен қасбеттерге кемінде он жыл кепілдік беріледі. Сейсмикалық қауіпті өңірлерде құрылысқа қойылатын талаптар да күшейтіледі.
«Құрылыс процесін ұйымдастыруда «техникалық тапсырыс беруші» институты енгізіледі. Ол жобаны жоспарлаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңге жауап береді. Мемлекеттік бақылау тек құрылыс аяқталғаннан кейін емес, құрылыс барысының негізгі кезеңдерінде де жүргізіледі. Егер құрылыс басталғаны туралы хабарламамен бірге бақылау кестесі ұсынылмаса, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы нысанды пайдалануға қабылдар алдында міндетті түрде тексеру жүргізеді. Құрылыс компаниялары туралы мәліметтер автоматтандырылған тізілімде жинақталып, олардың лицензиялық талаптарға сәйкестігі тұрақты тексеріледі. Сонымен қатар инженерлер мен сарапшыларды сертификаттаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Кодекс талаптарын бірнеше рет бұзған құрылыс салушылардың лицензиясы тоқтатылып, рұқсат құжатынан айырылуы мүмкін», делінген ведомоство хабарламасында.
Мамандар құрылыс жұмыстарын күн сайын бақылап, ай сайын мемлекеттік органға есеп береді. Егер мердігер анықталған кемшіліктерді жоймаса, бұл туралы тапсырыс беруші мен бақылаушы органға хабарлауға міндетті болады. Сонымен бірге авторлық қадағалау құрылыс аяқталғанға дейін үздіксіз жүргізіледі.
Министрлік жаңа кодекс заңсыз құрылыстың алдын алу тетіктерін де күшейткенін атап өтті. Қала құрылысы құжаттарына қайшы келетін жобаларға рұқсат берілмейді, ал цифрлық жүйелер арқылы жүргізілетін мониторинг нәтижесінде жобадан ауытқу анықталса, құрылыс дереу тоқтатылуы мүмкін.
Үлестік тұрғын үй құрылысы саласында не өзгереді?
«Үлескерлердің қаражатын тартуға тек бірыңғай оператордың кепілдігі болғанда, банк жобаны қаржыландырғанда немесе тұрғын үй қаңқасы тұрғызылғаннан кейін ғана рұқсат беріледі. Үлестік қатысу шарты міндетті түрде жергілікті атқарушы органда тіркелуге тиіс. Сонымен бірге үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқаны үшін айыппұл көлемі 300-ден 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылып, мұндай жобаларды жарнамалауға тыйым салынады», деді министрлік өкілдері.
Құрылыс саласын цифрландыру аясында Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылады. Онда рұқсат құжаттары, сараптама материалдары, техникалық және авторлық қадағалау есептері, орындалған жұмыстар актілері және құрылыс компаниялары туралы ақпарат жинақталады. Әрбір құрылыс нысанына бірегей нөмір беріліп, оның бүкіл өмірлік циклі осы жүйеде бақыланады.
Министрліктің күтуінше, жаңа кодексті іске асыру нәтижесінде заңсыз құрылыс азайып, құрылыс компанияларының жауапкершілігі артады, құрылыс сапасы жақсарып, азаматтар үшін құрылыс саласының ашықтығы мен қауіпсіздігі күшейеді.
Сарапшы не дейді?
Qazaq Expert Club құрылыс және урбанистика сарапшысы Диляра Сейтнурова жаңа құжаттың артықшылықтары мен әлсіз тұстары, құрылыс нарығына ықпалы және болашақта жетілдіруді қажет ететін нормалар туралы айтып берді.
Жаңа Құрылыс кодексіне кәсіби сарапшы ретінде баға берген Диляра Сейтнурова құжатты жалпы оң бағалайтынын, бірақ әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары бар екенін айтты.
«Кодекстің ең үлкен артықшылығы – барлық қала құрылысы жобаларына, соның ішінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына міндетті сараптаманың енгізілуі. ПДП-ны өзгерту енді екі жылда бір рет қана мүмкін болады. Сонымен қатар цифрлық бақылау жүйесі енгізіліп, Бас жоспарға қайшы келетін құжаттар автоматты түрде анықталады. Демпингке қарсы тетіктер, техникалық қадағалау мен жобалаушының ортақ жауапкершілігі, кепілдік мерзімдерінің ұзаруы және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру да маңызды жаңашылдықтар», деді сарапшы.
Сонымен қатар оның айтуынша, әлсіз тұстары да жоқ емес.
«Кодекс әкімдіктерді ескі тұрғын үй қорын толық тексеруге міндеттемейді. Мыңдаған үйдің мәртебесі әлі анықталмаған. Сондай-ақ «тұрғын үй класы» заң жүзінде стандартталмағандықтан, құрылыс салушылар тұрғын үйлерін қалағандай «бизнес-класс» деп атай береді. Заң жобалау деңгейінде мықты болғанымен, оның орындалуы әлі уақыт сынынан өтуі керек», деді ол.
Сарапшының пікірінше, жаңа кодекс құрылыс саласындағы бірқатар жүйелі мәселені шешуге мүмкіндік береді.
«Құрылыс салушылардың ашықтығы артады. Міндетті сараптама, тіркеу тізілімі, сақтандыру сияқты бұрын болмаған механизмдер енгізілді. Ұзаққа созылған құрылыстар тәуекелі де азаяды. Алайда тұтынушы құқықтарына қатысты кейбір мәселелер сақталып отыр. Мысалы, үлестік қатысу шартында пәтердің ауданы, қабаты мен бағасы көрсетілгенімен, қасбет материалы, лифт саны немесе аула инфрақұрылымы секілді маңызды сипаттамалар міндетті түрде жазылмайды. Яғни сатып алушы жарнамадағы көріністі емес, іс жүзінде тек шаршы метрді сатып алады», деді Диляра Сейтнурова.
Сарапшының айтуынша, кодекс ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесін күшейтуге бағытталған.
«Цифрлық бақылау, міндетті сараптама, түрлі реестрлер – бәрі мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Тұрғындарға сақтандыру мен реестр арқылы белгілі бір қорғаныс беріледі, бірақ тұрғын үйдің нақты сипаттамасын шартта көрсету міндеттелмеген. Ал ірі құрылыс компаниялары жаңа талаптарға оңай бейімделіп, нарықтағы позициясын күшейте алады. Сондықтан бірінші кезекте мемлекет, кейін ірі құрылыс салушылар ұтады, ал тұрғындардың қорғалуы әзірге ішінара ғана қамтамасыз етіледі», деді ол.
Оның пікірінше, жаңа талаптарға бейімделу кезеңінде құрылыс компаниялары бірқатар қиындыққа тап болады.
«Ең үлкен қиындық – құжаттама. Бұрын жеңіл рәсімделген жобалар енді міндетті сараптамадан өтеді. Техникалық қадағалау мен жобалаушының ортақ жауапкершілігі жобаларды бастапқы кезеңде әлдеқайда мұқият әзірлеуді талап етеді. Әсіресе шағын құрылыс компанияларына қиын болады. Сараптама мен сақтандыру шығынын көтере алмайтын ойыншылар нарықтан біртіндеп кетуі мүмкін», деді сарапшы.
Құрылыс сапасына қатысты ол заңның өзі жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Заң өздігінен сапаны арттырмайды. Нәтиже нормалардың нақты орындалуына байланысты. Мемлекеттік бақылау органдары құрылыс талаптарының сақталуын тексеруге міндетті болғанымен, тексерудің сапасы өңірге, кадрлық мүмкіндікке және адами факторға тәуелді. Сондықтан негізгі мәселе – заңды орындау», деді Диляра Сейтнурова.
Үлестік құрылысқа қатысты алаяқтықтың азаюына мүмкіндік бар екенін айтқан сарапшы, оның толық жойылмайтынын жеткізді.
«2026 жылдан бастап үлестік қатысу шартынсыз тұрғын үйді сатуға және жарнамалауға тыйым салынды. Бұған қоса құрылыс салушылардың реестрі, сақтандыру және Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі енгізілді. Бұл алаяқтыққа тосқауыл болады. Бірақ көлеңкелі схемалар толық жоғалып кетпейді, тек жаңа формаға ауысуы мүмкін», деді ол.
Сарапшының айтуынша, кодекстің өңірлерге әсері әртүрлі болады.
«Астана мен Алматыдағы ірі құрылыс компаниялары жаңа талаптарға бейімделуге қауқарлы. Ал өңірлерде шағын құрылыс салушылар көп болғандықтан, сараптама мен сақтандыру шығыны олар үшін әлдеқайда ауыр болады. Сондықтан өңірлерде нарықтың сұрыпталуы жылдамырақ жүруі мүмкін», деді сарапшы.
Жаңа талаптардың тұрғын үй бағасына әсері де сөз болды.
«Өзіндік құн белгілі бір деңгейде өседі. Себебі кепілдік мерзімі, сақтандыру және сараптама шығындары қосылады. Бірақ тұрғын үй бағасына әсер ететін жалғыз фактор бұл емес. Алматыда бағаға жер тапшылығы мен ҚҚС енгізілуі әлдеқайда көбірек ықпал етіп отыр», деді Диляра Сейтнурова.
Сөз соңында сарапшы кодексті жетілдіру қажет бірнеше бағытты атады.
«Біріншіден, әкімдіктерді тозығы жеткен тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен тексеруге міндеттеу қажет. Екіншіден, «тұрғын үй класы» ұғымын заң жүзінде нақты стандарттау керек. Үшіншіден, үлестік қатысу шартында қасбет материалы, лифт саны, аула инфрақұрылымы сияқты маңызды техникалық сипаттамаларды міндетті түрде көрсету қажет. Қазір заң қабылданды, енді оны жетілдіру мен орындалуын тиімді бақылау кезеңі басталады», деп түйіндеді сарапшы.
