Миллион адам кітап оқуды таңдады

125
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2u3fnYYrz4Rj0VGbMoh21yijNwcIOuWygL4s7sih.jpg

«Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафонына қатысушылар саны 1 миллион адамға жетті. Марафонның ресми сайтында миллионыншы қатысушы тіркелді.

Жобаға Қазақстанның барлық өңірінен мектеп оқушылары мен студенттер, мұғалімдер мен ата-аналар, кітапханашылар, мемлекеттік қызметшілер, түрлі сала мамандары және тұтас отбасылар қатысып отыр.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 1 миллиондық көрсеткіш – жай ғана тіркелгендер саны емес, кітап оқуға қызығушылық танытып, марафон арқылы оқу мәдениетіне қосылған қазақстандықтардың ауқымын көрсететін маңызды белес.

Марафонның негізгі мақсаты – кітап оқуды кеңінен насихаттап, оқу мәдениетін қалыптастыру және қоғам мүшелерін ортақ оқырман қауымдастығына біріктіру. Жоба аясында қатысушылар оқыған кітаптарын талқылап, өз әсерлерімен және пікірлерімен бөлісуге мүмкіндік алады.

Марафонға мектептер, еңбек ұжымдары, кітапханалар, түрлі қауымдастықтар мен отбасылардың белсенді қатысуы жобаның ауқымын кеңейте түскен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кітап оқу адамдар арасында пікір алмасуға, жаңа идеялармен танысуға және әртүрлі буын өкілдерінің өзара түсіністігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысушылар санының 1 миллионға жетуі Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамаларға қоғам тарапынан қызығушылық бар екенін көрсетеді.

Ұйымдастырушылар жобаға қатысып жатқан оқырмандарға алғыс білдіріп, марафонның алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Пікірлер