Премьер цифрлық қаржы сервистерін дамытуды тапсырды

56
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dWiE3MbvsNJZSiHgZBA7Hvj3HKHgKJUpHzpwzc2Y.jpg

Цифрлық теңге цифрлық қаржы сервистерін дамыту құралына айналуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна".

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Үкімет басшысының айтуынша, токенизация нарығы мен криптоиндустрияның белсенді дамуы аясында алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болып жатыр. Осыған байланысты азаматтарды цифрлық ортадағы қауіптерден қорғау шараларын күшейту қажет.

Ол Жасанды интеллект министрлігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Премьер-министр цифрлық теңгені енгізу де маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, жоба төлем инфрақұрылымын жаңғыртуға және қаржы жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Цифрлық теңгенің криптовалюталардан айырмашылығы – ол Ұлттық банк шығаратын орталықтандырылған цифрлық валюта және заңды төлем құралы», – деді Олжас Бектенов.

Оның пікірінше, цифрлық теңгені қолдану мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс. Сондай-ақ цифрлық шарттарды бекіту мүмкіндігі мемлекеттік сатып алулар мен корпоративтік операциялардағы есеп айырысуды автоматтандыруға жол ашады.

Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту үшін қажетті шараларды пысықтауды тапсырды.

Пікірлер