Министр жастармен кездесіп, креативті индустрияны дамыту мәселелерін талқылады

67
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/eHeHkefn3Fuo1F2fUNcr0Ex5Nsgnuu5bp2TX2VZ8.jpg

Астанада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жастармен және креативті индустрия өкілдерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы мен негізгі бастамалары сөз болды.

Кездесуге жас кәсіпкерлер, дизайнерлер, музыканттар, режиссерлер, продюсерлер, блогерлер, журналистер, ғалымдар, зерттеушілер мен спортшылар қатысты. Сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері, жастар ұйымдары мен волонтерлік қозғалыс көшбасшылары және студенттер жиналды.

Министр Жолдауда айқындалған негізгі міндеттерге кеңінен тоқталып, мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын атап өтті.

Іс-шарада шығармашыл жастарды қолдау, оларға білім беру, кәсіби білігін жетілдіру, цифрландыру, жасанды интеллект және креативті индустрияларды дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекеттік саясаттың бұл маңызды бағыттары Мемлекет басшысының Жолдауында да қамтылған.

«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағдарын айқындайтын, жаңа міндеттер мен мүмкіндіктерді белгілейтін маңызды стратегиялық құжат. Президент келер ұрпаққа қуатты экономика мен дамыған технологиялары бар мемлекет қалдыру міндетін атап өтті. Бұл жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктермен қатар, олардың ел болашағы алдындағы жауапкершілігін де айқындайды», – деді Арман Қырықбаев.

Министр білімді, ой-өрісі кең ұрпақ тәрбиелеудің және кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын айтты. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының кітап оқитын ұлт қалыптастыру бағытындағы бастамасына арнайы тоқталды. Осы бағытта 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны өтіп жатыр.

Арман Қырықбаев мемлекеттік қолдау шаралары жастардың өз бастамаларын қолға алып, кәсіби білігін жетілдіруіне мүмкіндік беретінін жеткізді. Атап айтқанда, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында жыл сайын 30 жасқа 3 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі.

Кездесуде жастардың экономиканың жаңа бағыттарында өз орнын табу мүмкіндіктеріне де ерекше көңіл бөлінді. Министр цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономиканың барлық дерлік саласын, соның ішінде мәдениет пен ақпарат саласын дамытудың маңызды құралдарына айналып келе жатқанын айрықша атап өтті.

Жиында креативті экономиканы дамыту мәселесі де жеке қаралды. Бүгінде еліміздің барлық 20 өңірінде жас таланттардың қабілетін ашуға, өз жобаларын бастауға және отандық өнімдерді танытуға жағдай жасайтын креативті хабтар жұмыс істейді.

Қатысушылар ұлттық мәдениетті дамыту, отандық авторларды қолдау, қоғамдық құндылықтарды нығайту және жаңа әдеп қағидаларын қалыптастыру жөнінде пікір алмасты. Осы орайда жауапкершілік, адалдық, заңға құрмет және қоршаған ортаға ұқыпты түрде қарау мәдениетін орнықтыруға бағытталған «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттары сөз болды.

Министр қоғамдағы өзгерістерге жастардың қатысуы маңызды екенін атады. Оның айтуынша, заманауи білім мен технологияларды меңгеру қабілеті ұлттық құндылықтарға адалдықпен, жауапкершілікпен және белсенді азаматтық ұстаныммен ұштасуға тиіс.

Жастар Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайтынын білдіріп, оларды орындау мақсатында белсенді қатысуға, елдің дамуына және қоғамдағы оң өзгерістерге үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Кездесу ашық диалог түрінде жалғасты. Жастар министрге өз сауалын қойып, бірқатар бастамасын ұсынды. Сонымен қатар ел алдындағы маңызды міндеттерді атқарудағы жастардың рөлі сөз болды.

Пікірлер