Грекия парламенті бұрынғы Еурокомиссар және қазіргі депутат Димитрис Аврамопулостың депутаттық иммунитетін алып тастауға дауыс берді. Бұл шешім Бельгияда тергеліп жатқан «Қатаргейт» ісі аясындағы тергеу әрекеттерін жалғастыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды "Адырна".
Парламент отырысына қатысқан 266 депутаттың 264-і шешімді қолдады. Бұған дейін парламенттің этика жөніндегі комитеті де иммунитетті алып тастауды бірауыздан ұсынған.
73 жастағы Аврамопулос — «Жаңа демократия» партиясының депутаты. Ол 2014-2019 жылдары Еуропалық комиссияның көші-қон мәселелері жөніндегі комиссары қызметін атқарған. Бұған дейін Афина қаласының мэрі болған.
Бельгиядағы тергеу оның Fight Impunity ұйымымен байланысына қатысты. Ұйымды «Қатаргейт» ісіндегі негізгі күдіктілердің бірі, Италияның бұрынғы Еуропарламент депутаты Антонио Панцери құрған.
Аврамопулос өзіне тағылған заң бұзушылықтар туралы айыптарды жоққа шығарды. Ол Fight Impunity ұйымымен ынтымақтастығы заңды болғанын және алған гонорарларын салық органдарына декларациялағанын мәлімдеді. Сондай-ақ иммунитетін алып тастауды өзі сұрап, тергеу органдарымен толық ынтымақтастыққа дайын екенін айтты.
Грекия билігінің құжатында Бельгия сотының Аврамопулосқа қатысты қамауға алу ордері қылмыстық ұйымға қатысу, сыбайлас жемқорлық және заңсыз жолмен алынған кірістерді жылыстату туралы күдіктермен байланысты екені көрсетілген. Бұл айыптар бойынша кінәлі екені сотта дәлелденген жоқ, тергеу жалғасып жатыр.
«Қатаргейт» қалай басталды?
Бельгиядағы тергеу 2022 жылғы желтоқсанда басталған. Билік кейбір шетелдік мемлекеттер Еуропарламент шешімдеріне ақша мен сыйлықтар арқылы ықпал етуге тырысты деген күдікпен бірқатар тінту жүргізді.
Операциялар барысында шамамен 1,5 млн еуро қолма-қол ақша тәркіленіп, бірнеше адам қамауға алынды. Олардың қатарында Антонио Панцери мен сол кездегі Еуропарламент вице-президенті Ева Кайли болды.
Іс бойынша сот процестері мен бірқатар процессуалдық әрекеттерге қатысты шағымдар тергеудің созылуына себеп болды.
Аврамопулостың иммунитетінің алынуы Бельгия билігіне оның іс бойынша ықтимал байланыстары мен әрекеттерін әрі қарай тексеруге мүмкіндік береді. Тергеудің қорытындысы мен Аврамопулосқа қатысты түпкілікті құқықтық шешім әзірге белгісіз.
