БҰҰ Ауғанстандағы терроризм қаупіне алаңдаулы. Тәліптер «Әл-Каиданы» жоққа шығарды

82
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JNAcbhmvJBGCM3cgQkqA8Bgxq8QltTKh2DAyE2n0.jpg

Фото: Fergana

16 қыркүйек күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстандағы саяси және қауіпсіздік жағдайын қайта талқылады. Бүл туралы Ферғана агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Жиында елдегі гуманитарлық және адам құқықтары саласындағы дағдарыс, әйелдер мен қыздарға қойылған шектеулер, террористік ұйымдардың қаупі және инклюзивті саяси жүйе қалыптастыру мәселелері көтерілді.

БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету миссиясы (UNAMA) басшысының міндетін атқарушы Жоржетт Ганьон «Талибан» билікке қайта келгеннен кейін бес жыл өтсе де, халықаралық қауымдастықты алаңдататын бірқатар мәселеде айтарлықтай ілгерілеу болмағанын айтты. Оның сөзінше, әйелдер мен қыздардың құқықтарына қойылған шектеулер, мемлекеттік басқарудың инклюзивті болмауы және адам құқықтарының жағдайы негізгі мәселелердің қатарында.

Жиында терроризм мәселесіне де ерекше назар аударылды. БҰҰ мәліметінше, Ауғанстандағы қауіпсіздікке қатысты оқиғалар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Тәліптерге қарсы күштер 21 провинцияда 88 қарулы шабуыл үшін жауапкершілікті мойнына алған, оның 55-ін БҰҰ растаған.

Бірқатар мемлекет Ауғанстан аумағында террористік ұйымдардың белсенділігіне алаңдаушылық білдірді. Қытай «Талибанды» «ИШИМ-Хорасан», «Әл-Каида», Шығыс Түркістан ислам қозғалысы және «Техрик-и-Талибан Пәкістанға» қарсы шара қабылдауға шақырды. Ресей де «ИШИМ-Хорасан» және басқа топтардың белсенділігіне назар аударды. Ал АҚШ «Талибанды» террористік ұйымдарға пана беріп отыр деп айыптады.

Мемлекеттердің тәліптермен қарым-қатынасқа қатысты ұстанымы да әртүрлі. АҚШ, Ұлыбритания және Франция Кабулмен диалогты жалғастыруды қолдағанымен, талиьандардан нақты қадамдар мен халықаралық міндеттемелерді орындауды талап етті. Қытай, Ресей және Иран диалог пен экономикалық ынтымақтастықты жалғастыру қажет екенін айтып, Ауғанстанды оқшаулау мәселені шешпейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін «Талибан» өкілі Забихулла Муджахид Ауғанстанда «Әл-Каида» ұйымының басшылары немесе өкілдері бар деген мәлімдемелерді жоққа шығарған болатын. Алайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде бірқатар мемлекет Ауғанстан аумағынан шығатын террористік қауіптің сақталып отырғанын тағы да атап өтті.

Пікірлер