Каспий жағалауындағы оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметкер қаза тапты. Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен.
Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға кезінде теңізге 19 әскери қызметкер кеткен. Қазіргі уақытта олардың тоғызының қаза болғаны белгілі болды. Үш әскери қызметкер құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жеткізілген. Қалған әскери қызметкерлерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары жедел жіберілді. Іздестіру-құтқару операциясына Әскери-теңіз күштері, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелері, авиация және өзге де тиісті қызметтер жұмылдырылған.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Маңғыстау облысына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың жетекшілігімен арнайы комиссия аттанды.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Іздестіру жұмыстары мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.
Бұған дейін Қазақстанның Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінде жоспарлы оқу-жаттығу жұмыстарын бастағанын жазған едік. Ал Каспийдің Әзербайжан жағалауында 22 қыркүйекте Әзербайжан және Каспиймен шектеспейтін Түркия мен Өзбекстан қосындарының қатысуымен әскери жаттығу басталған.
