Каспийдегі қазаға қатысты күдіктілер анықталды

191
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/R0EfG17TUW1nPdNcGBEASyr4LYgOHFf5mvxvP9wb.webp

Фото: Gov.kz 

Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалардың шеңбері анықталды. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

«Қызметіне салғырт қарады деген күдікке ілінген, сондай-ақ ауа райы жағдайын ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті бақылау мен шараларды қабылдамаған, құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған лауазымды тұлғалар анықталды. Соның салдарынан адам өліміне жол берілді», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Сонымен қатар тергеу барысында құтқару жұмыстарының тиісті деңгейде ұйымдастырылмағаны да қаралып жатыр.

Қазіргі уақытта оқиға орны тексеріліп, 30-дан астам әскери қызметші жауап алынған. Бұдан бөлек, қажетті құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалды.

Бас прокуратура тергеу нәтижесінде барлық күдіктіге толық құқықтық баға беріліп, оларға қатысты тиісті процестік шаралар қабылданатынын хабарлады.

Еске салайық, Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты әскери қызметшілерді теңіз ағызып әкеткен болатын. Нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде теңізге 17 әскери қызметші кеткен.

Олардың үшеуі құтқарылды. 14 әскери қызметші қаза тапты.

Оқиғаның себептерін анықтау мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияға әскери қызметшілердің қаза болу себептерін жан-жақты зерттеу және марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек көрсету тапсырылды.

Пікірлер