Көкшетауда мәдени онкүндік бастау алды

159
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2wHo9QsVYSvsKuxASbEjZEhPGKJgnCOOOufAt6iv.jpg

Көкше өңірінің мәдени өмірінде жаңа маусым басталды. Қазан айының алғашқы онкүндігінде Көкшетауда музыка, театр және хореография өнерін тоғыстыратын ауқымды мәдени бағдарлама қолға алынды. Бірнеше күнге жалғасатын онкүндік аясында өңірдің кәсіби шығармашылық ұжымдары өз өнерін ұсынып, көрерменге жаңа концерттік және сахналық бағдарламаларын таныстырады.

Мәдени онкүндіктің алғашқы шараларының бірі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдығына арналды. Осыған орай «Таза Қазақстан – мәдениет кеңістігінде» атты республикалық дөңгелек үстел өтіп, оған еліміздің әр өңірінен мәдениет саласының өкілдері, өнер қайраткерлері, шығармашылық ұйымдардың басшылары мен сала ардагерлері жиналды.

Басқосуда филармонияның сексен жылдық тарихы ғана емес, ұлттық өнердің бүгінгі тынысы, мәдени мұраны сақтау, шығармашылық ұрпақтар сабақтастығы және өнердің қоғамдағы орны сөз болды. Қатысушылар мәдениетті концерт пен спектакльдер жиынтығы ретінде ғана емес, қоғамның рухани болмысын қалыптастыратын маңызды құндылық ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.

Сексен жыл ішінде Үкілі Ыбырай атындағы филармония Көкше өңіріндегі кәсіби өнердің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Оның сахнасында дәстүрлі ән мен күйден бастап классикалық музыка, хореография және кәсіби сахна өнерінің түрлі жанрлары орындалып келеді. Ұжым Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды Көкше өнерінің саңлақтарынан жалғасқан дәстүрді бүгінгі буынға жеткізіп, ұлттық өнерді жаңа шығармашылық ізденістермен сабақтастырып келеді.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Президент өз құттықтауында филармонияның 80-ші концерттік маусымының ашылуына орай ұжым ардагерлерін, басшылығы мен шығармашылық құрамын құттықтап, өнер ордасының ел мәдениетіндегі орнына жоғары баға берді.

«Филармонияның 80 жылдығы – бір шығармашылық ұжымның мерейтойынан әлдеқайда ауқымды мәнге ие. Бұл – Көкше өңіріндегі кәсіби өнердің қалыптасуы мен дамуын, бірнеше буын өнерпаздың шығармашылық жолын сабақтастыратын маңызды белес.», – деді  Сәрсенбай Хасенов Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі.

Дөңгелек үстелдің «Таза Қазақстан» бастамасына арналуы да кездейсоқ емес. Талқылау барысында тазалық ұғымының тек қоршаған ортаны абаттандырумен шектелмей, адамның ішкі мәдениеті мен рухани дүниесіне де қатысты екені айтылды.

Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, жазушы Жабал Ерғалиев мәдениет пен тазалықтың өзара байланысына тоқталды.

«Бүгін Көкшетау жерінде мәдениет тоғысы болып жатыр деп айтуға болады. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдығы – үлкен мереке. «Таза Қазақстан» идеясы адамның қоршаған ортасына ғана емес, оның ішкі мәдениеті мен рухани әлеміне де қатысты. Осы тұрғыдан алғанда, мәдениет пен тазалық ұғымдары өзара сабақтасып жатыр», – деді Жабал Ерғалиев.

Мәдени онкүндік аясындағы шаралар Көкшетаудың өзге де өнер ордаларын қамтиды. Еліміздің әр өңірінен келген қонақтарға қаланың мәдениет және өнер нысандарына танымдық экскурсия ұйымдастырылып, өңірдің мәдени әлеуеті мен шығармашылық ұжымдарының жұмысы таныстырылды.

Ал филармонияның 80 жылдығы осы онкүндіктің мазмұнын айқындайтын маңызды белестердің біріне айналды. Сексен жыл бойы бұл сахнада талай өнерпаздың үні естіліп, талай шығармашылық ұжымның тарихы қалыптасты. Бүгінде сол дәстүр жаңа буынның өнерімен жалғасып келеді.

Кешке мерейтойлық бағдарлама гала-концертпен жалғасты. Сахнада К. Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, симфониялық және эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрлері, «Гәкку» би ансамблі мен филармония солистері өнер көрсетіп, көрерменге мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Мерейтойлық кешке арнайы қонақ ретінде Қазақстанның халық әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбек, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Қайрат Байбосынов, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев және күйші-композитор, халық әртісі Айтқали Жайымов қатысты.

Көкше төрінде басталған мәдени онкүндік – өткенге көз жүгіртіп қана қоймай, өнердің бүгінгі бағытын бағамдап, оның болашағын сөз ететін мәдени алаңға айналмақ.

Пікірлер