Мәслихат сайлауына қанша қаражат жұмсалады? ОСК жауап берді

216
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/U2a9ejnw0XRMrbmybynA04HvaWiheazza89SFlYt.jpg

Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге қажетті қаражат Үкімет резервінен бөлінеді. Бұл туралы 13 қазанда Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник брифингте айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі. 

Оның сөзінше, кезектен тыс сайлауға жұмсалатын шығындар республикалық бюджетте алдын ала қарастырылмаған. Сондықтан қажетті қаражат Үкімет резервінен бөлінеді.

«Сайлауға жұмсалатын шығындардың көлемі, ең алдымен, іске тартылатын сайлау комиссияларының санына, сайлау науқанының ұзақтығына және дауыс беруді ұйымдастыруға байланысты өзге де факторларға байланысты», – деп түсіндірді Михаил Бортник.

Ол сайлауға арналған жалпы шығындардың 75–80 пайызы сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталатынын атап өтті. Бұған дейінгі сайлау науқандарындағыдай, бюджеттің негізгі бөлігі жалақы төлеуге жұмсалады.

Бортниктің айтуынша, сайлау комиссияларының 86 мыңнан астам мүшесінің еңбекақысын төлеуге қаражат қарастырылады.

Бұдан бөлек, жұмысқа қосымша 3 022 округтік сайлау комиссиясы тартылып, олардың құрамына тағы 15 110 адам кіреді. Олардың еңбекақысын төлеуге де қосымша қаражат қажет болады.

Михаил Бортниктің айтуынша, заңнамада кандидаттарды мемлекеттік қаражат есебінен қаржыландыруға кепілдік берілген. Қаржыландыру көлемін Орталық сайлау комиссиясы жеке айқындап, тиісті құжаттарда көрсетеді.

«Кандидаттарға қажетті қаражатты есептеу кезінде олардың арасындағы бәсекелестік те ескерілуі керек екенін атап өткім келеді. Бір орынға бірнеше кандидат үміткер бола алады. Алдын ала мәлімет бойынша, үміткер болуға ниеттілер көп. Бір орынға үштен онға дейін немесе одан да көп адам таласуы мүмкін. Егер олар тіркеуден өтсе, сайлауалды үгіт жұмыстарына қажетті қаражатты бюджет жобасында қарастыруға міндеттіміз», – деді ОСК мүшесі.

Еске салайық, Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді. Елдегі 228 мәслихатқа барлығы 3 447 депутат сайлау жоспарланып отыр.

Пікірлер